«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Бұл рас-ақ. Бүгінде бұрымдылар кез келген салада өздерінің ер азаматтардан еш кем емес екенін дәлелдеп, еліміздің дамуына шама-шарқынша үлестерін қосуда. Нәзік жандарға мемлекет тарапынан да қолдау артып келеді. сонымен қатар, өз ісін дөңгелетіп, бизнесте үлкен жетістіктерге жетіп жүрген әйелдер жетіп артылады.
Қордай ауданында «Іскер әйелдер қауымдастығы» атты ұйым бар. Оған жетекшілік етіп жүрген облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімова ұйымның жұмысын жандандырып, бизнесте жүрген аруларға қолдау көрсетіп келеді. Олардың кезекті жиыны сейсенбі күні өтті. Бұл жолғы отырысқа тек ауданнан емес, Жамбыл облысының өзге аудандарынан да қыз-келіншектер шақырылып, ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.
— Бұл ұйым 2008 жылы ашылған болатын. Содан бері өз қызметімізді атқарып келеміз. Бүгін бізде бизнес тур өтуде. Осы орайда өзге аудандардан кәсіпкер әйелдер келіп, бас қосып, тәжірибемен алмастық. Бизнес тренинг өтті. Нәзік жандылардың бизнеске деген қызығушылығы артуда. Олар белсенді. Ал, біздің мақсатымыз – оларға кеңес беріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсету, — дейді Айман Серікқызы.
Жиында кәсіпкер әйелдер бизнеске қатысты түрлі тақырыптарда ой бөлісіп, сұхбаттасты. Кейіннен олар Қордайдағы бірнеше кәсіпкерлік нысандарды аралап, наубайханадан бастап жиһаз, тігін цехы, тіпті сабыннан түрлі өнімдер жасау сынды кәсіптер туралы танысты. Жалпы мұндағы негізі ой – шалғайдағы қыз-келіншектерді кәсіпкерлікке тарту, тәжірибе алмасу, кеңес беру.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының басты бағдарламасында кәсіпкерлікті қолдау, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігіне ерекше көңіл аудару туралы айқын айтылған. Ал, партия жанындағы Әйелдер қанаты осы бағытта нақты жұмыстар атқаруда.