«Өмір жолында мүлдем құламаған адам мықты емес, құлап, қайта тұрған адам мықты» деген сөз бекер айтылмаса керек. Адам баласы тағдырында сан түрлі сынақтарға тап болады, кейбірі сол сынақтарға шыдамай, орта жолдан тайып, қолын бір сілтейді. Ал кейбір жандар керісінше, қайсарлық танытып, қиындықтарға қарсы тұрып, жаңа жол іздеп, жетістікке жетеді. Мұндай жігерлі адамдардың бірі – Саят Серікұлы.
Қордай ауданы, Әлжан ана ауылының тұрғыны Саят Серіковтың өмір жолы оңай болған жоқ. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде көп жылдар бойы қызмет атқарып, ел тыныштығын қорғау ісіне өз үлесін қосқан. Өкінішке қарай, қызмет барысында аяғынан жарақат алып, ерте зейнетке шығуға мәжбүр болды. Бірақ ол бұл жағдайға мойымады. Зейнетке шыққаннан кейін денсаулығына байланысты жаңа кәсіп іздей бастады. Көлік жөндеу ісіне, әсіресе автокөлікті бояуға қызығушылығы оянып, осы салада білімін жетілдіруді қолға алады.
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында берілетін қайтарымсыз грант туралы ақпаратты БАҚ-нан біледі. Бұл мүмкіндікті жібермей, ол арнайы өтінім беріп, грантқа ие болады. Алынған қаражатқа автокөлікті бояуға қажетті жабдықтарды сатып алып, шеберханасын өз үйіндегі гаражда ашады. Осылайша, ол сүйікті ісін бастап, кәсіпкерлік әлеміне қадам жасады.
Кейіпкеріміздің шеберхана ашқанына шамамен екі жыл болды. Қазір ол жұмысын жалғыз атқаруда. Әрбір көліктің бөлшегін бояу табандылықты әрі мұқияттылықты талап етеді. Кәсіпкер денсаулығына байланысты аптасына бір көлік бөлшегін ғана бояйды, ал толық көлікті бояуға бір айға жуық уақыт жұмсайды. Денсаулық жағдайы кейде жұмыс істеуге кедергі келтіргенімен, ол бар күшін салып, өз ісін жалғастырып келеді.
«Әр клиенттің талабы мен мүмкіндігі әртүрлі болғандықтан, түрлі сападағы бояу материалдарын қолданамын. Кейбір көлік иелері қымбат бояуды таңдаса, басқалары арзанырақ материалдарды жөн көреді. Әр клиенттің таңдауын ескеріп, алдын ала келісім бойынша жұмыс атқарамын»,- дейді Саят Серікұлы.
Алдағы уақытта жұмыс көлемі ұлғайған жағдайда, ол қосымша мамандарды тартуды жоспарлап отыр.
Саят кәсіпкер ғана емес, сонымен қатар отбасылы азамат. Асыл жары және үш баласы бар. «Өмірімдегі ең үлкен тірегім және шабыт көзім — балаларым», — дейді отағасы. Ол перзенттерінің болашағы үшін бар күш-жігерін салып, денсаулығына қарамастан, өз кәсібін дамытуды мақсат етеді. Балаларының қамын ойлау әрі жақсы үлгі көрсету – ең басты ұмтылысы.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ