ЖЫЛЫЖАЙДАН СӨРЕГЕ ДЕЙІН

0

Үй іргесіндегі бос жерлерді тиімді пайдалану мәселесі соңғы жылдары жиі айтылып та, жазылып та келеді. Осы орайда алақандай ауласынан нанын тауып отырған Степной ауылының тұрғыны Ғабит Асановтың көпшілікке үлгі болар тіршілігі жайында айтып өтсек артық болмас.

Ауылда отырып сапалы әрі экологиялық таза өнім өндіруді көздеген кейіпкеріміз үшін қолына кетпен алып, егіншілікпен айналысу таңсық дүние емес.  Дейтұрғанымен, заман өзгеріп, өсімдік шаруашылығындағы жаңа технологиялар мен әдістер жылда өзгереді. Осы мәселені жан-жақты зерделеп, бір шешімге келген Ғабит Асанов өткен жылы үйінің бақшасынан жылыжай салуды қолға алған. Алдыменен дәнекерлеу жұмыстары атқарылып, темір трубалардан болашақ нысанның қаңқасы жасалды. Оны тұрғызып болған соң полиэтилен пленкасымен мықтап қапталды. Барлық жұмыстарға бір жарым айдай уақыт және 3 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Сонымен қатар, екі азамат – Нағашбай Асанов және Қуантай Артықбаев тұрақты жұмыспен қамтылды.

— Сырт көзбен қарағанда пленкамен қаптау оңай жұмыс көрінеді. Алайда, бұл іс асқан дәлдікті, ұқыптылықты, тиянақтылықты қажет етеді. Жылыжайдың ішіндегі желдету жүйесін ойластыру, жылы ауаның сыртқа шығып кетпеуін болдырмау, жаздыгүні оны ашып қою механизмдерін жасау біраз уақыт алды, — дейді Нағашбай Асанов.

Сегіз сотық жерді алып жатқан жылыжайға бірінші жылы қызынақ егілді. Жұмысшылар өнімді екі ай бойы жинады. Арнайы жәшіктерге тиелген қызанақ Степной ауылынан бастап, Қордай ауылының базар сөрелеріне қойыла бастады. Сұраныс жаман болған жоқ. Алайда, жұмыс болған соң, кемшіліктер де жоқ емес. Жылыжайдың біраз бөлігі қайта жөнделіп, жетілдірілді. Ал, биыл 8 сотыққа «Аринара» сұрыпты қияр отырғызылды.

— Ақпан айында Сарыағаш қаласынан қияр көшеттерін алып келдік. Дәннен гөрі, дайын көшетті алу тиімдірек деген шешімге тоқталдық. Алла қаласа, сәуір айының соңына таман алғашқы өнімді жинаймыз деген жоспар бар. Бір жақсысы қияр күзге дейін өнім береді екен, — дейді жылыжайтың тағы бір жұмысшысы Қуантай Артықбаев.

Жылыжайда тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Насостармен айдалған суға дақылға қажетті дәрумендер қосылады. Нысанды жылыту үшін арнайы пеш орнатылған. Қыстыгүні 14-16 тонна көмір кетеді екен. Ең үлкен шығын осы.

— Жылыжайда өсірілген көкөністердің сапасы жоғары болады. Жаңа жабдықтарды, көшеттерге қосымша күтім жасауды, суды тазарту жүйесін, тамшылатып суғаруды қолдану арқылы оң нәтижеге жетеміз деген сенім бар. Біздің басты мақсатымыз – жергілікті өнімдердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету, — деген Ғабит Асанов мемлекеттен қолдау алуды ойлайды. Болашақта ол жылыжай көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ оған ауқымды қаражат қажет. Іскер азаматтың бар арманы осы.

 Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.