Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай Жамбыл ауданының Бектөбе ауылындағы атшабарда бәйгеден облыстың ашық турнирі өтті. Бұл қызықты шара Қазақстанның әр өңірі мен көршілес Қырғызстаннан 200-ге жуық шабандоздар мен олардың адал тұлпарларының басын қосты.
Турнирдің жүлде қоры – 11,9 миллион теңгені құрап, қатысушыларды қосымша ынталандырғаны да рас. Жарыстар екі санатта өтті: құнан бәйге (15 шақырым) және аламан бәйге (35 шақырым).
Құнан бәйгеден бірінші орынды Кенен ауылынан 12 жасар Жантөре Алтынбек жеңіп алды. 7-сыныпта оқитын шабандоз 9 жасынан бастап ірі жарыстарға қатысып, осы спорт түріне деген ептілігін, сүйіспеншілігін көрсетіп келеді. Бұл додада Жантөре өзінің тұлпары Еркеторымен бірге қашықтықты бағындырып қана қоймай, ғажайып рух пен ұйымшылдық танытты. Бұл күні ол жұртшылықтың қошеметіне бөленіп, нағыз батыр атанды. Жүйрік жылқы мен Жантөре екеуінің байланысы тек жаттығулармен шектелмейді, арадағы ерекше қарым-қатынас, нағыз достық пен өзара түсінушілік бар.
Еркеторының қожайыны Сәкен Мұратұлы ат баптаумен айналысқанына бір жылдан енді ғана асқанын айтады. Осынау маңызды турнирдегі жеңіске қуанғанын жасырмады. «Еркеторыға сенгенмін, Жантөре екеуі бірігіп үлкен жеңіске қол жеткізді», — дейді атбегі.
Турнирдегі жеңіс үшін Жантөре мен Еркеторы 1,8 миллион теңге жеңіп алды. Бұл жеңіс бүкіл Қордай жұртшылығы үшін қуанарлықтай.
Турнир ат бәйгесінің жай спорт түрі емес, еңбек пен күшті біріктіретін дәстүр екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Жеңісті күндеріміз көп болсын!
Шолпан САБАНОВА