Қордай ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің филиалдары мен инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды. 2021 жылдың 31 наурызында Қордай ауданының ата-аналары үшін есте қаларлық оқиға орын алды. Үш ауылда бір уақытта ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің филиалдары, сондай-ақ инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылды. Жамбыл облысы білім басқармасының мәліметіне сәйкес Қордай ауданында ерекше білім алуға 910 бала кезекте тұрса, оның ішінде 403-і мүгедек. Енді міне осы балалар өздеріне қажетті білім беру, дамыту бағдарламалары бар кабинеттердің қызметіне жүгіне алатын болды.
Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің мамандары үшін тиімді көмек көрсету және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға тиімді көмек көрсету мақсатында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен және Жамбыл облысының білім басқармасымен ынтымақтастықта «Дара» қайырымдылық қоры қолданыстағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін жаңартып, жарақтандырып, сондай-ақ Масаншы, Сортөбе ауылдарында оның филиалдарын қосымша ашты.
Ресми түрде нысандарды ашу салтанатына облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, «Дара» қайырымдылық қорының өкілі Сәуле Бексултанова, Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Аширбеков, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің меңгерушілері, педагогтар, ата-аналар және балалар қатысты.
Қордайдағы №4 Б.Бөлтірікова атындағы орта мектептің ғимаратында ашылған алғашқы нысанда презентация жасаған орталық меңгерушісі Асия Валиева балалардың табысты оңалтуы үшін жасалған жағдайды қонақтарға көрсетті. Келген қонақтар орталықтың бөлмелерін аралап шығып, ризашылықтарын білдірді.
Ашылу салтанатында сөз алған білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова барша қатысқан қауымды құттықтап, орталық қызметкерлеріне табыс пен сәттілік тіледі.
Өз сөзінде, «Дара» қайырымдылық қорының өкілі Сәуле Бексултанова осындай мекемелердің бірінші кезекте халық игілігіне жұмыс істейтіндігін тілге тиек етті. Орталықтың ашылу салтанатына келген ата-аналармен әңгіме барысында Гүлнар Ходжабергенова балалар дамуындағы ауытқуларды ата-анасы ерте байқаса емделіп кету мүмкіндігі жоғары екендігін атап өтті.
— Мамандардың уақытылы және білікті көмегі өмірді жақсы жаққа өзгерте алады және кез-келген баланың, әсіресе мүмкіндігі шектеулі баланың лайықты және сәтті болашағына мүмкіндік береді. Қордай ауылындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына қажетті қолдауды 15 жыл бойы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (бұдан әрі-ППТК, түзету кабинеті) көрсетеді. Бірақ осы уақыт ішінде түзету кабинеті жаңартылмады және оның материалдық-техникалық жабдықталуы бүгінгі күннің талаптары мен сын-тегеуріндеріне сәйкес келмеді. Жұмыс істеп тұрған аудандық ППТК-ны дамытудың осы жобасы ауылдық жерлерде тұратын ЕБҚ бар балаларға көрсетілетін қызметтер спектрін ілгерілету мен кеңейту үшін үлгі бола алады. Өйткені, Қордың стратегиялық мақсаты ППТК қызметтерінің ерекше бала өсіп келе жатқан отбасы үшін «қадамдық» қолжетімділікте болуы, — деп атап өтті ол өз сөзінде «Дара» қорының өкілі Сәуле Бексултанова.
Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті — бұл кез келген ерекше бала және оның отбасы дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог, ЕДШ нұсқаушысы, музыкалық ырғақ педагогы сияқты мамандар командасының кешенді білікті көмегін ала алатын мекеме. Жыл сайын аталған ППТК дамуында түрлі ауытқулары бар 120-дан астам балаға қызмет көрсетеді, ал қызметтер балалар мен олардың отбасыларына тегін және тұрғылықты жері бойынша көрсетіледі.
Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері басқа да арнайы білім беру ұйымдарының желісін кеңейтудің арқасында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар өз құрдастарымен бірге жалпы білім беретін мектепте білім ала алады. Осыған байланысты «Дара» қоры жалпы білім беретін мектеп базасында Инклюзивті білім берудің ресурстық орталықтарын ашу арқылы инклюзивті білім беруді дамыту бойынша жұмыс істейді және мұндай орталық Қордай ауылында №51 мектебінің базасында да ашылды. Келген қонақтар нысандардың жұмысымен танысып, арнайы дайындалған видеороликтерды тамашалады.
Ресурстық орталық — бұл мектеп кеңістігі және ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар мен мұғалімдердің ынтымақтастық аймағы. Ресурстық орталықтың қолдауымен мектепте оқуда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беретін мектептерге толық және тиімді енгізу, дамуында ауытқулары бар балалармен жұмыс істейтін педагогтарға және олардың ата-аналарына ғылыми-әдістемелік қызметтер кешенін көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалады.
Анықтама үшін: «Samruk-Kazyna Trust» қоры — өзекті және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталған, Қазақстан Республикасында қайырымдылық, әлеуметтік маңызы бар бағдарламалар мен жобаларды іске асыратын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы жанындағы әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.
«Дара» қоры — ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалардың және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобаларды іске асыратын қайырымдылық жеке қор.
Серғазы Манасбаев