Қордай аудандық сотымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткен, деп айыпталған 5 адамға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 392бабының 1-бөлігімен.)
30 маусым күні сотталушылар – Пәкістан Ислам Республикасының азаматтары Қырғыз Республикасының аумағынан бақылау өткізу пункттерінен тыс қасақана заңсыз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан Қордай ауданы «Сортөбе» бақылау пунктінен автокөлікте тығылып өткен. Алайда, 3 шілде 2024 жылы сотталушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша шекара қызметі департаментінің жедел тобымен Алматы қаласында «Mans» хостелінде ұсталды.
Сотталушылар Қырғыстан Республикасына жұмыс іздеп келген, алайда Бішкек қаласында жүріп олар ақша таба алмаған. Содан кейін Қазақстан Республикасы арқылы транзитпен Европа елдеріне баруды көздеген.
Сотта сотталушылар кінәлерін мойындады. Кінәлері айғақтарымен, бейнежазбалармен, заттай дәлелдемелермен және істің басқа да материалдарымен расталды.
Сот жазаны тағайындау кезінде қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкінулерін таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайға қылмыстық құқық бұзушылықтың адамдар тобымен алдын ала сөз байласуы арқылы жасауы танылды.
Соттың үкімімен 5 сотталушыға (Пәкістан Ислам Республикасының азаматтарына) Қазақстан Республикасынан 5 жыл мерзімге шығарып жібере отырып, әрқайсысына 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Соңғы екі жылда Қордай аудандық сотымен осыған ұқсас ҚР ҚК-нің 392 бабымен /Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту/ 2023 жылы 68 Пәкістан азаматына қатысты 20 қылмыстық іс, 2024 жылы 67 Пәкістан азаматына қатысты 11 қылмыстық іс қаралып, заңды жазаларын алды.
Үкім заңды күшіне енді.
Қордай аудандық соты