Өткен сейсенбі күні аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Онда аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа көрсетіп жатқан қызмет сапасы мен науқастарды тамақтандыру мәселелерін зерделеу нәтижесі қаралды.
Кеңес отырысында халық тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің атқарған жұмыстарының, Қарасу ауыл округі әкімінің әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстарының есебі тыңдалды.
Ал, Қоғамдық кеңес тарапынан денсаулық сақтау саласында халыққа көрсетіліп жатқан медициналық көмек сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеу аудандық орталық ауруханада, Масаншы ауылдық және Отар ауылдық ауруханасында ішінара жүргізілген болатын.
Зерделеу нәтижесі анықтағандай, басты проблема – кадр тапшылығы болып тұр. Мысалы, аудандық аурухана бойынша 6 дәрігер, Масаншы ауылдық ауруханасы бойынша 3 дәрігер, Отар ауылдық ауруханасында да 3 дәрігердің жетіспейтіндігі анықталды.
Сонымен қатар, Масаншы ауылдық ауруханасында мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта толық құрылмаған. Тактильді жол бар, бірақ толық бітпеген, баспалдақтың екі жағында тұтқалар талапқа сай емес, пандус жабынмен, санитарлық бөлмелерде арнайы тұтқалар орнатылмаған. Аудандық ауруханада да, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта ішінара жасалған. Құлағы нашар еститін немесе естімейтін мүгедектер үшін дыбыстық қондырғылардың өзі істен шыққан. Клиникалық-диагностика бөлімінде тактильді жол мүлдем жоқ, пациенттерге арналған санторап ғимарат ішінде бар, бірақ мүгедектерге бейімделмеген, оны, пациенттер мен сол ғимараттың медперсоналы ғана қолданатындығы анықталды.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес емхана деңгейінде бейінді мамандарға жазылу учаскелік дәрігердің қарауынан кейін жүзеге асырылады, көрсетілімдер болған кезде пациент бейінді маманға жіберіледі учаскелік терапевт арқылы жүзеге асырылады. Осы жағдай халық арасында дұрыс қабылданбай отырған жүйе. Дәрігерлерге кезекте тұрған науқастармен сөйлесу барысында алдын ала талон алып, қабылдауға жазылғанына қарамастан, кезек күтіп тұратындықтарын, ертеден кешке дейін уақыттарын емханада терапевтің қабылдауын күтіп, келесі жолы тура осындай кезекте «бейінді мамандарға» тұратындықтарын айтты.
Сонымен қатар, терапия, балалар бөлімі, хирургия бөлімшелері мен күндізгі стационарға зерделеу жүргізу барысында бөлмелер жылы, таза, жуынатын бөлмелерде қол жуатын сұйық сабындар қойылған. Бірақ, бөлімшелерде жылы су жоқ, науқастар суық сумен жуынуға мәжбүр.
Қорытындылай келе, жоғарыда аталған кемшіліктерге қарамастан ауданның денсаулық сақтау саласында халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту және цифрландыру бағытында айтарлықтай оң өзгерістер байқалады. Барлық деңгейдегі медициналық мекемелер халықтың қажеттіліктеріне жедел жауап беріп, аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға зор үлес қосуда.
Осыған байланысты, денсаулық сақтау саласының мекемелерін басқа мәселелермен толық зерделеу 2 айдан кейін жүргізіледі, деп аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері шешім қабылдады.
Сонымен қатар, Қордай ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын шекті мөлшерінен асыруға жол бермеу мақсатында ауыл әкімдерімен жүйелі жұмыстар жүргізу, 15 пайыздан асқан жағдайлар орын алған жағдайда әкімшілік жаза қолдану үшін жұмыстарды жандандыру, кассалық аппараттарды қолдану мәселесін аудандық мемлекеттік кірістер басқармасымен шешу және ауыл әкімдерінің осы мәселе туралы жұмыстарының нәтижесін хабарлау ұсынылды.
Ал, Қарасу ауылдық округі әкіміне мемлекеттік көрсетілетін қызметерді көрсету мәселелері бойыншан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша БАҚ жариялау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жауапты маманның біліктілігін арттыру курстарына оқытуды ұйымдастыру, мерзімін бұзу фактілерін алдын алу, қызмет көрсету бағытында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруына жол бермеу, мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін бақылауға алу ұсынылды.
Қоғамдық кеңес отырысында тиісті шешімдер қабылданды.