Жұма күні Қордай ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Балалардың құқығын қорғауға оң септігін тигізіп келген жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, комиссия мүшелері, білім бөлімінің басшысы, бірнеше ауылдық округтің әкімдері, мектеп директорлары және ювеналды полиция қызметкері қатысты.
Күн тәртібіне бірнеше мәселе көтеріліп, соның біріншісі бойынша №13 және №9 орта мектептің директорлары алғысөзді алды. Олар өздері басшылық ететін мектептердегі оқушылардың мектептің ішкі тәртіп ережесін бұзу деректері бойынша баяндап берді. Ал, білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков болса, аудандағы мектептерде сабаққа бармай жүрген оқушылар бойынша сөз қозғады.
Сонымен қатар, жиында кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол көлік оқиғасы туралы және де жасөспірімдердің ата-анасына бағынбай үйден кету фактілері туралы баяндамалар тыңдалды. Отырыста балалар құқығының тапталмауы, оларды тәртіпке салу, оқу процесіне араласу сынды мәселелер толығымен талқыланды. Комиссия мүшелері тиісті шешімдер шығарып, жиында басшылық тарапынан жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.