Бүгінгі кейіпкерлерімізді байланыстыратын ортақ бір құндылық бар – ол Тәуелсіздік. Бірі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің куәгері, екіншісі – Тәуелсіздіктің құрдасы, ал үшіншісі – егемендік күні дүниеге келген жас буын өкілі. Олардың әрқайсысы тәуелсіздіктің қадірін өз заманының көзімен көріп, жүрегімен сезінеді. Ата-бабамыз аңсаған азаттықтың әр буынның өміріне қалай ықпал ететінін тереңірек түсіну мақсатында кейіпкерлерімізбен жақынырақ танысып, сұхбат құрдық.
Шежірелі тарихымызда Желтоқсан көтерілісінің алар орны ерекше. Ел егемендігінің бастауында тұрған бұл оқиғаның құрбандары халықтың жадында мәңгіге қалса, қатысушылары ортамызда жүр. Солардың бірі – Қордай ауданы, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны Асқар Тұрлыбаев. Ол 1986 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтының 2-курс студенті болған.
Асқар Жақсылықұлы-ның естелігі:
«1986 жылдың 17 желтоқсанында Орталық алаңда жастардың жиналып, өз наразылығын білдіріп жатқанын естідік. Жатақханада төрт жігіт тұратынбыз. Бірден жиналып, «Орбита» ықшам ауданынан автобусқа мініп, Сәтбаев көшесінде түсіп қалдық. Жол бойында төңкерілген көліктерді көрдік. Сол жерде қақтығыс болғанын түсіндік. 18 желтоқсан күні алаңға қайта келдік. Сол кезде қырғын басталды. Алаңда жастар «Қазақ елін қазақ басқарсын!» деп ұрандатты. Қарасам, қазақ қызын біреулер ұрып жатыр екен. Қасына жүгіре бергенімде, біреу басымнан дубинкамен ұрды. Есімнен танып құладым. Есімді жисам, ұрып-соғып жатыр. Біреу «тоқтатыңдар, өлтіріп қоямыз» деді. Кейін бізді қарға тізерлетіп екі сағаттай отырғызып қойды. Ол кезде басымның жарылғанын білмеймін, бәрімізді автобусқа тиеп, қамауға әкетіп бара жатқанда жанымдағылар басымнан қан сауғалап жатқанын айтты. Беторамалдарын беріп, бірнеше беторамалды ауыстырып, әйтеуір қан тоқтады. Сонымен милиция қамауға алды, қалтамда студенттік билетім бар еді. Қайда оқитынымды, барлық мәліметтерді жазып алды. Сағат 22:00 шамасында тергеушіге алып барды. Қазақ тергеуші, әлі есімде. «Не болып жатыр, бауырым, айтып бер», деді. Бәрін түсіндіріп бердім. Тыңдап болған соң, мені кабинеттен шығарды. Жан-жағына қарап еді, ешкім жоқ екен, содан мені босатып жіберіп, «Бара бер, бауырым, мына аялдамадан №34 автобус жүреді, Орбитаға барады», деді. Жатақханаға жеткенімде, достарым мені өлді деп ойлап, жоқтап отыр екен. Менің аман екенімді көріп, бәрі қуанып кетті. Бірақ сол оқиғадан кейін комсомолдан шығарып, 21 желтоқсанда оқудан да шеттетілдім. Оқудан шығып қалғанымды ести сала ауылдан әкем келді. Ол өте әділ кісі еді, мені қайта оқуға қабылдату үшін бармаған жері қалмады. 1988 жылы ғана оқуға қайта қабылдандым. Алайда басымнан алған жарақатым денсаулығыма әсер етті. Сондықтан сәулет-құрылыс институтын аяқтай алмадым. Кейін АГУ-дың көркем графика факультетіне түстім. Ұзақ уақыт емделуге тура келді. Алаңда басымнан алған жарақатымды уақытылы емдемей, ми шайқалғанын білмей, жастықтың буымен жүре бергем ғой. Денсаулығымды қалпына келтіру үшін 10 жылдай ем алдым. Сонда да қазірдің өзінде жиі ауырады», – деп еске алады желтоқсаншы.
Бүгінде Асқар Тұрлыбаев Жаңатұрмыс ауылындағы орта мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Ол – ардақты жар, үлгілі әке, сүйікті атаның бірі. Желтоқсан оқиғасын есіне алғанда жүрегі сыздап, көп нәрсені айтқысы келмейді. Себебі ол күндердің жарасы жүрегінде мәңгі қалған. Асқар аға үшін тәуелсіздік – өмірінің ең маңызды құндылығы. Ол: «Біз азаттық үшін, ұлт еркіндігі үшін күресті өз көзімізбен көріп, қаншама жанның құрбан болғанын білдік. Сондықтан біздің буын үшін тәуелсіздік – өте жоғары құндылық. Біз осының қадірін түсініп, тарихты ұмытпауымыз қажет. Болашақ жас ұрпақтың да осы жолды бағалап, тәуелсіздіктің маңызын ұғынса деген тілегім бар» – дейді.
Келесі кейіпкеріміз Гүлнара Нұрбекова – Тәуелсіздікпен бірге өсіп, жетілген тұлға. Оның өмір жолы ел дамуының айнасы секілді. Гүлнара Байжанқызы 1991 жылдың 23 желтоқсанында дүниеге келді. Бұл күндер еліміз егемендіктің алғашқы қадамдарын басып, жаңа болашаққа үміт артқан уақыт еді.
Гүлнара Тәуелсіздік жылдары туралы ерекше толғаныспен сөз қозғайды:
«Тәуелсіздік құрдасы болу – мен үшін үлкен мақтаныш. Бұл – менің ғана емес, бүкіл халқымыздың тарихи жеңісі. Біз еркін елде дүниеге келдік, білім алдық, тұлға болып қалыптастық. Тәуелсіздік жылдары еліміз талай белестерді бағындырды, біз осы өзгерістердің куәсі болдық»,-дейді.
Биотехнолог мамандығы бойынша білім алып, мансап құрған тәуелсіздік құрдасы бүгінде отбасын құрып, декреттік демалыста. Үш баланың анасы ретінде ол ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, болашаққа сеніммен қарайды. «Біздің буын тәуелсіздік кезеңінің алғашқы қиындықтарын көрді. Жаңадан қалыптасқан қоғамда өз орнымызды табуға ұмтылдық. Ал қазіргі жастар өте белсенді, еркін ойлы және мүмкіндіктері мол. Тәуелсіз елдің болашағы жастардың қолында, сондықтан олар жауапкершілікті сезініп, еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосады деп сенемін»,-деген ойымен бөлісті.
Ал Азамат Батыржан үшін 16 желтоқсан – қос мереке. Бұл – оның дүниеге келген күні және еліміздің азаттық алған тарихи сәті. 2010 жылы 16 желтоқсанда Қордай ауылында дүниеге келген. Азамат бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы. Бос уақытында Азамат спортпен шұғылданып, домбырамен күй шертеді. Оның Тәуелсіздік күнін туған күнім деп емес, еліміздің азаттық алған күні деп тануы – жас ұрпақтың ел болашағына деген жауапкершілігін көрсетеді. «Бұл күн – қазақ тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі. Ал туған күнім – менің өмірімнің бастау алған сәті. Сондықтан 16 желтоқсанды ең алдымен елімнің Тәуелсіздік күні ретінде бағалаймын», – дейді.
Азамат Батыржан болашаққа үлкен жоспарларымен қарайды. Еліміздің экономикасын жақсартуды, ұлттық мәдениетті дамыту арқылы Қазақстанның атын әлемге танытуды армандайды. «Егер еліміздің болашағын өзгерту мүмкіндігім болса, ең алдымен қазақ халқының толықтай қазақ тілінде сөйлеуіне жағдай жасар едім. Сондай-ақ инфляция деңгейін төмендетіп, жемқорлықты жоюға және ұлттық валютамыздың құнын арттыруға күш салатын едім», – деп ой бөлісті.
Тәуелсіздік туралы сөзінде Азамат: «Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ерлігі мен жанқиярлық күресінің жемісі. Біз сол еркіндікті бағалап, еліміздің дамуы үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Тәуелсіз елдің жастары ретінде білім алып, өз еліміздің болашағына үлес қосу – біздің басты міндетіміз», – дейді. Міне, жас ұрпақ өкілінің биік армандары мен тың көзқарасы осындай.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ