Асыл дініміз адамдардың бір біріне мейірімді, кешірімді, қайырымды болғанын қалайды. Алланың үкімдерін орындап, соған сай амал жасағандар бұл дүниеде де, ақыретте де мол бақытқа кенеледі. Ақиқатында Алла Тағалаға жақындататын себептің бірі – адамдарға көмектесу, жылы сөзін арнау, игілік жолында мал жұмсау. Раббымыз Алла Тағала өз дүниесін жақсылыққа жұмсаған адамның мал-мүлкіне береке беріп, отбасына мағыналы өмір сыйлайды. Себебі өзгеге жәрдем берген кісінің өмірі мағыналы болады. Алла Тағала Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы», – деген («Сәбә» сүресі, 39-аят).
Асыл дініміз барша жаратылысқа мейірім мен рақым жасауды, адамдардың мұқтажына ортақтасуды баршамызға міндеттеген. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ең сүйікті амал – бауырыңның жүрегіне қуаныш сыйлау», – деген хадисі бар.
Сонымен қатар еңбек еткендерге, қайырымдылық жолында атсалысқандарға мына хадис зор сүйінші береді: «Кімде-кім бір мүминнің дүниедегі қиындығының бірін шешсе, Алла Тағала Қиямет күнінде оның қиындығының бірін шешеді (жеңілдетеді). Кімде-кім қиналғанға жеңілдік көрсетсе, Алла Тағала да оған дүниеде және ақыретте жеңілдік көрсетеді. Кімде-кім бір мұсылманның айып-кемшілігін жасырса, Алла Тағала да оның дүниедегі және ақыреттегі айып-кемшілігін жасырады».
Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Сауапты көктен іздеудің қажеті жоқ. Айналамызда сауапқа жетелейтін амалдар өте көп. Қамкөңіл жанға көмек қолын созу – қайырлы іс.
Мұсылман бауырымыздың көңілін көтеріп, үміт сыйлау, ең болмағанда оған жымиып қараудың өзі – сауап. Қазіргі таңда елімізде көптеген қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып келеді. Соның бірі ретінде «Мектепке жол» акциясын атауға болады. Аталған акция аясында көпбалалы, жалғызбасты, басқа да мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға сабаққа қажетті оқу құралдары, киім-кешектер үлестіріледі. Сол арқылы баланың көңіліне жылу сыйлайды. Сондай-ақ Ораза айт, Құрбан айт кездерінде көмекке мұқтаж отбасыларға айттық, құрбандық таратылады. Бұл да – үлкен көмек. Қарттар, жетімдер үйлеріне, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға моралдық әрі материалдық тұрғыдан қолдау көрсету жыл бойы жүзеге асып келеді. Мұның бәрі де – қайырымдылықтың жарқын үлгілері. Қазіргі таңда қайырымдылыққа қарапайым жандардың да атсалысып жатқаны қуантады. Аллаға шүкір, бүгінде мұсылманға жүктелген үлкен ғибадат, бес парыздың бірі зекет беретін жандардың қатары көбейіп келеді. Олар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер», – деген сөзін басшылыққа алып, қаншама отбасыға қуаныш сыйлауда.
Халқымызда «Ер қолында мал тұрмайды, Елек ішінде су тұрмайды» деген жақсы сөз бар. Бүгінде кейбір жомарт жігіттер өзінің туып-өскен ауылына мешіт, медресе, спорт кешені, балабақша, көпір, жол салып беріп, жағдайы жоқ отбасыларға, жетім-жесірлерге баспана, басқа да дүниелер алып беріп, халықтың ықыласына бөленуде. Әрбір азамат елдің игілігі үшін осылайша қолдан келген көмегін көрсетсе, біздің қоғам жан-жақты дамитыны сөзсіз. Анығында адамдардың бір біріне деген адамдығы, жомарттығы, мейірімділіктерінен, қайырымдылықтарынан жүректеріне иман ұялайды. Ал жүрегінде иманы бар адам ешқашан жамандыққа бармайды, алдамайды, кісі өлтірмейді.
Шынында, ізгілік, жақсылық, қайырымдылық жасауға баршамыз атсалысуымыз қажет деген ойдамын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде мұсылман үмбетіне: «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар», – деп өсиет қалдырған болатын. Осы өсиетті берік ұстану – бізге, біздің ұрпақтарымызға міндет.
Е.Ешмұрат, Ноғайбай ауылдық округінің әкімі