Қордай аудандық Қоғамдық кеңесі Қазақстан Республикасы Қоғамдық кеңес туралы заңы мен Қазақстан Республикасы үкіметінің 2015 жыл 31 желтоқсандағы № 1194 Қаулысымен бекітілген қоғамдық кеңестің үлгі Ережесі негізінде өз қызметі мен өкілеттігін іске асыруда.
Қоғамдық кеңес өкілеттілігі кеңес төралқасы, комиссиялар, жұмыс тобы және әрбір мүшенің қызметі негізінде атқарылады. Кеңес төралқасы 3 комиссияның қызметін басқарады, жоспарға енгізілген сұрақтар бойынша отырыстар және кеңес жұмысының ақпараттық қолдауын ұйымдастырады.
Кеңестің құрамындағы жастардың үлесі 16,6% (2 адам) құрайды. Мүшелері ауданда өткізіліп отырған жиындар мен жиналыстарға, аудандық жұмыс комиссиялары мен топтарының іс әрекеттеріне белсенді түрде атсалысып келеді.
Атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес 9 отырыс өткізіліп, бірнеше мәселелер қаралды. Бірінші отырысы 2024 жылдың басында өтіп, онда аудандық Қоғамдық кеңестің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған іс-жоспары бекітіліп, кеңес мүшелеріне нақты тапсырмалар берілді. Келесі кеңес отырысы 23 ақпанында өткізілді, онда 2 мәселе қаралды. Олар жергілікті полиция қызметінің аудан көлемінде қоғамдық тәртіп пен қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстары және халық тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстары болды.
Кезекті отырыс 4 наурызда өткізіліп, күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Бірінші мәселе – Қордай аудандық электр тарату жүйесі, «Қордай су» мекемесі және «Қордай газ» шаруашылықтарының 2024 жылға бекітілген тарифтері туралы қаралып, аудан тұрғындары үшін аса маңызды бұл сұрақтар төңірегінде кеңес мүшелері бірқатар зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Отырыс барысында кеңес мүшелері тарапынан тарифтердің өзгеруі, есептегіш құралдарды ауыстыру, оларға төлем, ескірген бағаналарды ауыстыру және өзге де өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды. Екінші сұрақ бойынша Қордай ауданы әкімдігінің спорт бөлімі бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы зерделеніп, тиісті шешімдер қабылданды, аудан әкіміне ақпарат жіберілді. Үшінші сұрақ бойынша аудандағы білім бөлімінің кешкі мектептептерінің білім беру сапасы зерделеніп, нәтижесі қаралды, тиісті шешімдер қабылданды.
11 маусымда кезекті кеңес отырысында күн тәртібінде 1 мәселе қаралды, онда Масаншы және Сортөбе ауылдық округтері әкімдерінің әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстарының есебі тыңдалды. Зерделеу барысында кемшіліктер көрсетіліп, аудан әкіміне ақпарат жолданды.
Шілде айының 5-де өткізілген отырыстың күн тәртібінде Қарасай батыр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені жайы қаралып, Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысына Қарасай батыр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау үшін заң талаптарына сәйкес тиісті шара қабылдау ұсынылды.
Қоғамдық кеңестің келесі отырысы 17 шілдеде өткізілді. Күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын зерделеу жұмыстарының нәтижесі тыңдалып, тиісті ұсыныстар берілді. Сонымен қатар, аудандағы ауыл шаруашылық мекемелерін сумен қамтамасыз ету мәселелерін зерделеу нәтижесі қаралды. Қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстар берілді. Барлық қаралған сұрақтар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
3 желтоқсанында кезекті отырыс өткізіліп, күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Онда аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа көрсетіп жатқан қызмет сапасы мен науқастарды тамақтандыру мәселелерін зерделеу нәтижесі қаралды және халық тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің атқарған жұмыстарының, Қарасу ауылдық округі әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша жұмыстарының есебі тыңдалды.
Аудандық денсаулық сақтау мекемелерінде кадр тапшылығының бар екендігі, мемлекеттік қызметтің сапасын әлі де жақсарту керек екендігі айтылып, тиісті шешімдер қабылданды.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын шекті мөлшерден асып кетуіне жол бермеу мақсатында ауыл әкімдерімен жүйелі жұмыс жүргізіп, тексеру жұмыстарын жандандыру ұсынылды.
Қарасу ауылдық округі әкіміне мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша БАҚ жариялау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жауапты маманның біліктілігін арттыру курстарына оқытуды ұйымдастыру, мерзімін бұзу фактілерін алдын алу, қызмет көрсету бағытында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруына жол бермеу, мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін бақылауға алу ұсынылды. Кемшіліктерді жоюға 2 ай уақыт мерзім берілді.
Аудандық Қоғамдық кеңестің отырысындағы барлық қаралған мәселе бойынша нақты шешімдер қабылданды.
Қоғамдық кеңес қарауына ұсынылған нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қарау бойынша 29 құжат тапсырылып, ұсынымдар берілді. 2024 жылдың жоспарына сәйкес барлығы 9 отырыс өткізіліп, 12 сұрақ қаралып, шешімдер шығарылып, ұсынымдар берілді, жобаларды қарау кезінде заңнамалық мерзімдер сақталды.
Аудандық Қоғамдық кеңес атқарылған жұмыстары туралы аудандық қоғамдық-саяси «Қордай шамшырағы — Кордайский маяк» газетіне жарияланып тұрды.
Қоғамдық кеңестің қарауына жеке тұлғалардан келіп түскен арыз–шағымдар тиісті мекемелерге бағытталып, өтініштері қанағаттандырылды.
Н.Молдабеков, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы