18 желтоқсан күні аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің II отырысы өтіп, оған кеңес төрайымы Дамира Сүгірбай, комиссия мүшелері, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары ауылдық округ әкімдері және мешіт имамдары қатысты.
Жиынның күн тәртібіне төрт мәселе шығарылды. Оның біріншісі бойынша аудандық полиция бөлімінің экстремизмге қарсы іс- қимылдар тобының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Мейіржан Жұмахан сөз алды. Ең алдымен хабарламашы 2018 жылдың қараша айында Масаншы ауылында ашылған «Қордай» құран қариларын дайындау орталығы туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, шекарадан тыйым салынған әдебиеттерді өткізуге қатысты деректерге тоқталды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің дін секторының жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары туралы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Айқаныш Исраилова баяндама жасады. Орталық директоры жыл басынан бері «Жастар ресурстық орталығы» КММ тарапынан жалпы 35 шара өткізіліп, 1800-ге жуық жас қамтылғандығын жеткізді. Деструктивті діни идеологияның таралуына жол бермеу мақсатында дәстүрлі құндылықтарды дәріптей отырып, жеке және топтық алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылған.
Келесі кезекте «Тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыру және радикалды діни ағымдардың ықпалына түсудің жолын кесу» бойынша атқарылған жұмыстар туралы Қордай, Сортөбе, Масаншы, Ауқатты, Қарасу ауылдық округ әкімдерінің есебі тыңдалды. Қордай ауылдық округінің әкімі А.Қаспақбаев ауылдық округ бойынша дін саласындағы мобильді топтың жұмысына кеңінен тоқталып, «Жусан» ГО бойынша және Қордай ауылындағы білім беру мекемелеріндегі діни экстремизмнің алдын алу бойынша қолға алынған шараларды баяндады.
Сонымен қатар, Сортөбе, Масаншы, Ауқатты ауылдық округтерінің әкімдері дін мәселелері бойынша 2024 жылдың ішінде атқарған жұмыстары турасында есеп берді.
Күн тәртібіндегі соңғы сұрақ бойынша аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңат Қабылтайдың баяндамасы тыңдалды. Ол аудандағы діни ақпараттандыру және оңалту жұмыстарының қорытындыларын атап өтіп, дін мәселесіне қатысты бірқатар өзекті сұрақтарды да көтерді. Комиссия төрайымы Дамира Маратқызы отырысты қорытындылап, бірқатар жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.