Жақында Алға ауылында №34 М.Смағұлов атындағы орта мектебінің ұйымдастыруымен, 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай, мектеп оқушыларымен кездесу жиыны өткізілді.
Кездесуге ауыл әкімі Б.Абильдаев, мектеп директоры М.Тамабаев, белгілі кәсіпкер Б.Сатышев қатысып тағылымға толы сыр-сұхбатқа ұласты.
«Тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат және қасиетті екендігін және оның бізге қалай жеткендігін бүгінгі ұрпақ жақсы білуі және мақтаныш тұтуы керек. Тәуелсіздік-ата-бабамыздың асқақ арманы еді. Ол үшін осы жолда талай боздақтарымыз жанын салып, құрбан болды. Ендеше, Тәуелсіздік қадірін, біз, бәріміз терең түсіне білуіміз қажет. Халқымызда: «Еңбек етсең, емерсің», — деген аталы сөз бар. Осы нақыл жастардың қаперінде жүрсе деймін. «Еңбек адамды бүтіндейді, жалқаулық адамды түтіп жейді» деген даналықты да дәйім назарда ұстағандарың жөн. Жас ұрпақ өз елі мен жерінің өсіп-өркендеуі үшін терең білім алып, кәсібін ашып, ата-ана өсиетін, ақылын аяқасты етпесе екен деген тілегім бар. Дәл қазір қай жұмысты бастаса да жастарға жол ашық. Тек ынта мен ықылас болса жеткілікті»,-деп атап өтті Бейсен Сәбетбекұлы.
Шара соңында, жиналған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізген ауыл әкімі Берік Еркінұлы құрметті қонақ Бейсен Сәбетбекұлына алғысын білдіріп, мерекелік төсбелгі табыстады.
Ел ертеңіне алаңдап, халқының қамын ойлаған осындай тұлғалары бар қазақ елі бақытты. Сондықтан келешегіміздің кемел, ертеңіміздің нұрлы болатынына деген сеніміміз мол. Ол үшін әр күні еселі еңбек етіп, тер төгуіміз қажет. Тәуелсіз елдің болашағына әр азаматының жауапты екенін ұмытпайық.