Өскелең ұрпақты патриотизмге, туған және өмір сүріп жатқан Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдыққа тәрбиелеу біздің қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Ауданымызда «Қазақстан Рес-публикасы Ардагерлер Одағының, Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдары мен әскери қақтығыстарға қатысушылардың республикалық қоғамдық бірлестігі» ағымдағы жылдың мамыр айында тіркелген. Жалпы, аудан бойынша жауынгерлік қимылдарына 49 адам қатысып, олардың бірқатары бейбіт уақытта өмірден озды. Бірлестік төрағасы Хамиди Жапеков екенін айта кеткен жөн. Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері қоғамы аудан мектептерінде, атап айтқанда №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы, №3 Абай Құнанбаев атындағы, №4 Балжан Бөлтрікова атындағы, №8 Өтеген атындағы, №20 Мағжан Жұмабаев атындағы, №21 Сәкен Сейфуллин атындағы, №22 Ілияс Жансүгіров атындағы, №23 Тұрар Рысқұлов атындағы, №29 Шәкәрім атындағы, №36 Нығмет Сауранбаев атындағы, №42 Екейбай Қашағанов атындағы мектептерде әскери-патриоттық жұмыстар жүргізіп келеді. Сонымен қатар, қазіргі таңда елімізде мерзімді қызмет өтеу барысында үздік сарбаздар үшін жеңілдіктер, жоғары оқу орындарында тегін оқуға гранттар көзделгені, сондай-ақ келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру кезінде жеңілдіктер бар екендігі туралы айтылуда. Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің жалақысын көтеру, полигондарда қызмет еткен кезде жалақының 50 пайызы мөлшерінде төлемдерді қайтару, тұрғын үймен қамтамасыз ету, бұрын жойылған жеңілдіктерді қайтару туралы мәселелер көтеруде. Бұл әскеріміздің беделі артып келе жатқандығының айқын көрінісі.