ПЛАСТИК ТЕРЕЗЕ – ЗАМАН СҰРАНЫСЫ

0

Әлжан ана ауылында пластик терезе жасап, кәсібін дөңгелетіп жатқан отбасы бар. Ерлі зайыпты Мадияр Жайлаубеков пен Жазира Әділхан бұл іспен айналысқанына 3 жылдың жүзі болған. Бүгінде іс тура жолға қойылып, кәсіпкерлердің тұрақты тұтынушылары да жоқ емес.

Жазира Әділхан 2019 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып үйренген жан. Ол бизнес жоспарын жасап, «Еңбек» бағдарламасы аясында мемлекеттен қайтарымсыз 505 мың теңге грант алады. Жұбайы Мадияр бұл қаржыға пластик материалдан есік-терезе жасайтын цех ашып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алды. Дейтұрғанымен, қаражат керек-жарағына толықтай жетпей, астындағы көлігін сатты. Бүгінде бұл тәуекел өзін ақтады деп сеніммен айтуға болады.

Қазір Мадиярдың жасаған терезелері ауданның бірнеше елді мекеніндегі үйлерде тұр. Өндіріске қажетті шикізат пен құрылыс материалдарын Шымкент қаласынан тасымалдайды. Дайын өнім бағасына тасымал құны қосылғанымен, Әлжан анада жасалған терезенің бағасы Қордай ауылында сатылатын терезелерден сәл арзандау. Сапасы да жаман емес.

— Жетістікке жетудің бас-ты жолы – ол тәжірибе. Кәсіп бастаймын дегендерге үлкен тәжірибесіз қандай да бір істі бастауға кеңес бермес едім. Өзім Қордай ауылындағы пластик терезе жасайтын цехте 10 жыл еңбек еттім. Соның арқасында ісіміз тез өрледі. Бір айда 15-20 тапсырыс аламын. Клиенттер мені «инстаграмм» желісі және «Қордай шамшырағы» газеті арқылы іздеп табады. Біздің басты артықшылығымыз – бағаның төмендігінде. Мәселен, ақ түсті терезенің шаршы метрі 25 мыңнан, ал қоңыр түстілері 33 мыңнан басталады. Қазір ауылдағы ағайынның жағдайы жақсарды. Көбісі ескі үйлерін толықтай күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа үйлер де салуда. Терезеге тапсырыс бүкіл ауданнан түседі. Бірақ, бұл істің бір кемшілігі қыс мезгілінде жұмыс жоқ, — дейді Мадияр.

Мадиярдың арманы цехті кеңейтіп, кәсібін одан әрі жетілдіру. Осы арманының орындалуына мемлекеттен тағы бір қолдау болса дейді.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.