Осы аптада аудандық ардагерлер кеңесінің пленум отырысы өтті. Жиынға «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, кеңес және пленум мүшелері, ауылдық округтер бойынша төрағалар, әкелер, аналар кеңестерінің басшылары, бөлім басшылары және өзге де азаматтар қатысты.
Жиын басында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы 2024 жылы атқарылған жұмыстар бойынша ауқымды баяндама оқыды. Өз сөзінде Біржан Әбдікерімұлы қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген қарияларды атап өтіп, көпке үлгі екенін жеткізді. Сонымен қатар, облыстық спартакиадада жақсы өнер көрсеткен ардагерлерді де айтып өтті. Баяндамасында Біржан Әлімбет ел мен ес, ұлт пен ұят, дәстүр мен салт, тәрбие мен тағылым, ынсап пен ысырап туралы әңгіме қозғады. Одан бөлек, ел ішінде іріткі салып, ауызбіршілік пен ынтымаққа кері әсерін тигізетін, қоғамда қалыптасып отырған кейбір үрдістерге тосқауыл қою, халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу қариялардың міндеті екенін атап өтті. Сонымен бірге, ол өз баяндамасында 17 қаңтарда өткен облыстық ардагерлер кеңесінің Пленумында аудандық ардагерлер ұйымдары облыс бойынша 2024 жылы атқарған жұмыстары үшін алғыс алғандығын және рейтинг бойынша ІІ орын алғандығын атап өтті, сол үшін де аудан ардагерлеріне зор алғысын білдірді. Осыдан кейін жарыссөзге Билер кеңесінің төрағасы Сейсембай Сайбиров, аудандық «Аналар алқасы» кеңесінің төрайымы Роза Қағазбай және «Әкелер» кеңесінің төрағасы Дүкенбай Сегізбаев шығып, баяндама жасады. Сондай-ақ пленумда аудан әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізова және аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары С.Сураншиева ардагерлердің тұрмыс жағдайын, оларға қызмет көрсетудің мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа түрлерін жақсартуға бағытталған жұмыстары туралы мәселелерді баяндап берді.
Сондай-ақ, кейбір ауылдық округ ардагерлер қеңестерінің төрағаларына, Әкелер кеңесіне, Билер кеңесіне сын-ескертпелер айтылды. Медицина және әлеуметтік бөлімдеріне ардагерлерге қызмет көрсету, жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстар берілді. Жыл қорытындысы бойынша тиісті Қаулы қабылданды. Пленум барысында 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік бастауыш ардагерлер ұйымдары» марапатталды. I орынға – Ауқатты ауылдық округінің ардагерлер кеңесі (төрағасы Семжанов Әділбай) ие болса, II орынға — Степной а/о ардагерлер кеңесі (төрағасы Ибрагимов Аршат), Масаншы а/о ардагерлер кеңесі (төрағасы Малиев Рамазан), III орынға – Қордай а/о ардагерлер кеңесі (төрағасы Байшымыров Болар), Сортөбе а/о ардагерлер кеңесі (төрағасы Дыров Юсуф), Қаракемер а/о ардагерлер кеңесі (төрағасы Орынтай Бауыржан) ие болды.
Сонымен қатар, осы күні Әділбай Семжановты 70 жас мерейтойымен құттықтап, сый сияпат жасалды. Сондай-ақ, Қордай ауданының «Құрметті азаматы», Степной а/о Билер кеңесінің төрағасы Аманхан Рысымбетов «Қазақстанның Алтын кітабіна» енгізіліп, төс белгісімен марапатталды.
Сөз соңында Біржан Әбдікерімұлы кеңестің тұрақты демеушілері Садықов Нұрдин, Подшибякин Владимир, Сидоренко Сергей, Сарсенбаев Талғат, Буларов Лугмар сынды кәсіпкерлерге, аудандық газетке, баспахана ұжымдарына алғысын білдірді. Осылардың қатарында кәсіпкер Мейірманова Құндызайға ерекше алғыс айтылды. Ол су басқан аймақтарға көмек жинау кезінде 1 млн.қаржы бөліп, сонымен қатар ардагерлер кеңесіне тұрақты жәрдемдесіп келеді.
Мадина УЗБЕКОВА