Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Өз мамандығын, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Осы орайда, ақ халатын тағынып, науқастардың дертін анықтауға атсалысып жүрген денсаулық сақшысының бірі, аудандық орталық аурухананың рентген-зертханашысы Гульдана Саурамбаеваның еңбегін ерекше атауға болады.
Толығырақ тарқатар болсақ, Гульдана Алайдарқызы 1964 жылдың 15 қарашасында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Ақ-шолақ станциясында дүниеге келген. 1981 жылы Тараз қаласында орналасқан №26 Мирзоян атындағы орта мектебін аяқтайды. «Білім сарқылмайтын күш, таусылмайтын-қазына», демекші, көзі ашық, көкірегі ояу адам ғана ел дамуы үшін өз үлесін қоса алмақ. Білімді бойына сіңірген адам, барлық нәрсенің байыбына терең үңіліп, ақ, қарасын анықтай алады. Мектеп қабырғасын аяқтаған соң, 1985 жылы Жамбыл медициналық училищесін медбике мамандығы бойынша бітіріп шығады.
«Адам мамандық таңдауда және өмірлік жарын кездестіруде қателеспеу керек. Шүкір, екеуінен де қателеспедім деп айта аламын. Медициналық училищені аяқтаған жылы Қордай ауданының тумасы Рыстанбек Саурамбаев деген азаматқа тұрмысқа шығып, сол кездегі аурухана бас дәрігері Борис Миткаевич учаскелік медбике ретінде жұмысқа қабылдады. Арада біршама жылдар өтіп, жедел жәрдем бөлімшесінде диспетчер қызметіне ауыстым. 2002 жылы рентген кабинетіне медбике, сондай-ақ, 2003 жылдан бүгінгі күнге дейін флюро бөлімшесінде рентген-зертханашысы лауазымын атқарып келемін. Осы саланы өзіміз таңдап, өзіміз қалап келдік. Қиындығы да, қуанышы да қатар жүрген медицина саласында жалпы еңбек өтілім қырық жыл уақыт аралығын қамтиды», — дейді Гульдана Алайдарқызы. Жасыратыны жоқ, біздер, яғни, емделушілер дәрігердің жасаған медициналық қызметін көзбен көргеннен соң, бар алғысты соған жаудыратынымыз бар. Ол енді заңдылық. Дәрігердің жасаған ем-домына ауырған қай адам да риза көңілмен қарайтыны белгілі. Иә, медицинада науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін орта буын қызметкерлер екені рас. Флюродан жылына бір рет бәріміз өтеміз. Бұл пациентті емдеудегі маңызды үрдіс, сондықтан пациенттің денсаулық жағдайы туралы нақты мәліметтер алуда өте маңызды рөл атқаратын қажетті медициналық мамандықтардың бірі болып табылады. Бір қызығы, бойдағы кеселді нақтылауға үлес қосқан зертханашы еңбегін көбіміз біле бермейміз.
Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз тәрізді. Үзілгелі тұрған үмітті қайта жалғайтын, тіпті кейде ажалдан арашалап, екінші өмір сыйлайтын ақ халаттылар қандай құрметке де лайық.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ