Еңбек – өмірдің мәні, тіршіліктің тұтқасы. Адал маңдай терін төгіп, бір кәсіпті өмірлік серігіне айналдырған жандар қандай құрметке де лайық. Сондай азаматтардың бірі – Қордай ауданы, Ауқатты ауылының тұрғыны, ардақты ақсақал Жақыпбай Ботабасов.
Жақыпбай ақсақал 1949 жылдың 16 қарашасында Қордай ауданы Күнбатыс-2 ауылында дүниеге келген. Балалық шағы мен жастық кезеңі туған ауылында өтті. Мектепті тәмамдаған соң, 1968-1970 жылдары Хабаровск қаласында әскери борышын өтеді. Елге оралған соң, бойындағы еңбекқорлық пен табандылығын туған жеріне арнап, Ауқатты ауылындағы «Трудовик» колхозында жүргізуші болып жұмысқа кірісті.
Жақыпбай Ботабасовтың еңбек жолы қарапайым жүргізушіліктен басталғанымен, ол жұмысына деген адалдығы мен жанкештілігі арқылы ерекше көзге түсті. 1980 жылы егін орағы кезінде 100 тоннадан астам астық тасымалдап, «Лучший шофер на уборке хлеба» атағын иеленуі – оның маңдай тері мен қажырлы еңбегінің айқын дәлелі. Колхозда 40 жыл қызмет етіп, талай маусымда астық жинау науқанының алдыңғы шебінде жүрді. Жас кезінен-ақ қарапайым тіршіліктің өзінде үлкен жауапкершілік, еңбекқорлық, өз ісіне деген сүйіспеншілік болу керектігін дәлелдеді. «Алдымен Газ-51-ді айдадым, кабинасы ағаштан болатын. Кейін Газ-53-ті тізгіндедім. Таңнан қара кешке дейін жұмыс істейтінбіз. Алқап-алқапқа бөлініп, егінді кім бірінші жинап аяқтайды, деп жарысатынбыз. Комбайншыларды алға шығаратын жүргізушілер еді. Күн-түн демей еңбек еткеніміздің нәтижесінде біздің бригада жиынды бірінші бітіріп, комбайншымыз түрлі-түсті теледидар, ал мен кілем ұтып алған едік. Ол кілем әлі күнге дейін үйде тұр», — деп күліп еске алады қария.
Колхоз тарағаннан кейін Жақыпбай Ботабасов шаруа қожалығын құрып, жеті жыл бойы мал шаруашылығымен айналысты, еңбектен қол үзген жоқ. Бүгінде ол Ауқатты ауылдық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, ауыл өміріне етене араласып, ақыл-кеңесін айтып, кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетіп келеді.
«Қиын заман болса да, қызық заман еді ғой. Сенікі, менікі деген жоқ, бәрі ортақ болатын. Астық жинау науқаны алдымен Сарыбұлақ, Көкқайнар жақтарда басталатын, себебі ол жақтың егіні ерте пісетін. Алдымен 15-20 күн сол жақтарда жұмыс істейтінбіз, содан кейін Ауқаттыға келетінбіз. Меркіге, Шуға егін, күзінде қызылша таситынбыз. Ол заманда әйелдер де алқапта ерлермен қатар тер төгетін. Таң атысымен қызылшаға апарамыз, жол бойы бәрі қосылып ән шырқап баратын, кешке де сол көңілді күймен қайтатын. Жұмыс ауыр болса да, ешкім мойымайтын. Марқұм жұбайым да егіншілікпен айналысты. Жыл сайын 5-6 гектар жерге қызылша егіп, арамшөбін отап, күзде отбасымызбен жинауға кірісетінбіз. Ол кезде ешкім еңбектен қашпайтын», — деп еске алады кейіпкеріміз.
Өмірінің мәні мен мақтанышы – ұрпағы. Бүгінде ол ұл-қызынан немере, шөбере сүйіп отырған ардақты ата. Ұрпағының барлығы тәрбиелі, елге, жерге қызмет етуді өздеріне парыз санайтын азаматтар.
Әңгімеміздің соңында Жақыпбай ақсақал жастарға аталық ақылын арнады: «Қандай заман болса да, маңдай теріңмен тапқан нанның дәмі тәтті. Еңбек еткен адамның абыройы биік, жолы ашық болады. Қарапайым жұмысшы болу ұят емес, жалқау болу – ұят. Қазір бәрі жеңіл жол іздейді, бірақ нағыз берекенің кілті – қолыңмен істеген, жүрегіңмен атқарған істе ғой. Техникалық мамандықтарды менсінбей, оңай табысқа ұмтылған адам түбінде өкінішке қалады. Елді асырайтын – жұмысшы қолы, өндіріс, техника, кәсіп екенін ұмытпайық», — дейді ақсақал.
Осындай еңбек адамдарының арқасында ауылымыз көркейіп, еліміз өркендеп келеді. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында осындай азаматтардың еңбегі ерекше аталып өткені абзал. Жақыпбай атаға мықты денсаулық, ұрпағының қызығына бөленіп, ауыл-аймаққа ақ батасын беріп жүруін тілейміз!
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ