Өткен аптада «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов 8 ақпан Тәжік-Ауған жерінен бітімгерлік әскерінің шығарылғанына 24 жыл толуына орай, әскери қақтығыстарға қатысқан бірқатар аудан азаматтарын қабылдап, құрмет көрсетті.
Алдымен, ардагерлер шайқаста шейіт болған қаруластарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Қабылдауда партия төрағасы Бейқұт Тілебалдыұлы бітімгершілік міндеттерін адал атқарып, көрсеткен ерен ерліктері үшін алғысын айта келе, ардагерлерге мерекелік медалі мен алғыс хаттар тапсырып, сый-құрмет жасады.
«Құрметті ардагерлер! Биыл ел әскерінің тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстан шығарылғанына жиырма төрт жыл толуда. Кейінгі жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бүгінгі таңдағы басты мәселелердің бірі. Жаһандану дәуірінде төл тарихымызды зерделеп, рухани құндылықтардың мән-мағынасын ұғынып, жастардың танымдық қабілетін жетілдіруде аталмыш іс-шараның тәрбиелік маңызы зор. Себебі өткенге ой жүгірту арқылы болашақты бағамдауға болады», — деді Бейқұт Тілебалдыұлы алғысөзінде.
Айта кетейік, 1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-Ауған» учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Сегіз жылға созылған ұрысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысқан. 1993-2001 жылдар аралығында қақтығыс аймағында бітімгершілік операциясы жүргізілген.