Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуда. Жарияланбаған соғысқа қатысып, жат жерде жанқиярлық ерлік көрсеткен интернационалист жауынгерлер қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болды. Олардың кейбірі туған жеріне орала алмай, майдан даласында мәңгілікке көз жұмды. Ал, елге аман келгендер бүгінде елудің үстіне шыққан ардагерлер. Оларға деген құрмет ешқашан кемімек емес, керісінше, жыл өткен сайын арта түсуде.
15 ақпан күні жылдағы дәстүрге сай Қордай ауылындағы орталық алаңда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына арналған патриоттық шара өтті. Кеуделерін түрлі медальдар көмкерген ардагерлер бұл күні майдандас қарулас достарын еске алды.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, әскерилер, бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Осыдан кейін сөз алған аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы отты жылдар туралы естеліктерімен бөлісіп, болашақ ұрпаққа бейбітшіліктің бағасын түсіндіріп, енді ешқашан мұндай қасіретті соғыс болмасын деген тілегін білдірді. Жиын барысында ардагерлер ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, майдан даласында көз жұмған қарулас достарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Патриоттық шара аудандық кітапханадағы коворкинг орталығында жалғасын тапты. Дастарқан басына жиналған ардагерлер мен аудан жастары еркін пікір алмасып, сұхбат құрды. Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабеков соғыс ардагерлеріне жүрекжарды лебіздерін білдіріп, аудан әкімінің атынан Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыстады.
Кеш соңында жиналғандар Ауған соғысына арналған арнайы бейнероликті тамашалап, патриоттық рухқа толы концерттік бағдарламадан әсер алды.