Дүйсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында арнайы комиссия отырысы өткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл шешім елдің тұрақты өсуі мен инновациялық дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын білікті мамандарды дамытудың маңыздылығын көрсетеді. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жетекшілік еткен жиынға бөлім және мекеме басшылары, колледж директорлары мен кәсіпорын өкілдері қатысты. Отырыста жұмысшы мамандықтар жылын өткізу мәселесі күн тәртібінде қаралды. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, аудандық мансап орталығы және колледж басшылары күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша баяндама жасады. Бұдан әрі, оқуға қабылданған студенттердің теориялық білімін кәсіпорын базасындағы іс-тәжірибемен ұштастыруға және практикадан сапалы өтуіне, нәтижесінде олардың тұрақты жұмысқа орналасуына кәсіпорындар тікелей жауапты болады. Жұмысшы кадрлар көлік, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда көбірек сұранысқа ие. Енді жылдан-жылға жұмысшы кадрларға деген қажеттілік арта түспек. Еңбек нарығындағы маманның жұмыс берушінің талабына сай білім алуы, білікті болуы, технологиялық үдерістерді дереу меңгеруі, кәсіби машығы өте өзекті. Жұмысшы мамандықтар – тек ауыр еңбек емес, ол шығармашылық, жаңашылдық және даму мүмкіндігі мол сала. 2025 жыл жастар үшін өз болашағын айқындап, еңбек адамы ретінде мақтанышпен алға қадам басатын ерекше мүмкіндік. Қалай айтқанда да, биыл жұмысшы мамандықтың қадірі артып, мәртебесі биіктеуге барлық жағдай жасалмақ.