ЕРЛІГІ ЖАНЫМЫЗ БЕН ЖҮРЕГІМІЗДЕ

0

Шығыс Еуропаны азат ету майданы. Қырғын соғыс. Жан алыспай, жан беріспес қас дұшпан. Қанды шайқастың бір сәті. Жау мергені совет жауынгерлерінің сапын қанды оқтарымен жайратып жатыр. Ашуға булыққан әрі қол астындағы сарбаздарының өлім құшып жатқанына налыған рота командирі: «Аға сержант Ботбаев, жауға қарсы шабуылда» деген бұйрығын құп алған Ақылбай Ботбаев, жалма-жан гранатаны ала сап, ұмтыла бергенде, ұлты қырғыз сақа жауынгер: «Балам, маған бер гранатаны, сен жассың» дейді де, жау тылына карай жүгіре жөнелгенде, тасадағы фашист мергені қақ мандайынан тигізіп, атып түсіреді. Ботбаев Ақылбай Әбілдаұлының өмірін сақтап қалған нарындық қырғыз жауынгер еді. Бұл жайында кейін сөз қозғаса да болады. Енді сәл кейін шегініс жасайық.

Ақылбай Әбілдаұлы 1922 жылы 28 ақпанда Қордайда дүниеге келген. Жетім өсті. Әкесі мен анасынан ерте айырылды. Әкесі, сталиндік репрессияның құрбаны болды. Жастайынан тағдырдан теперіш көрген кішкентай жетімекті дүнгендер бауырына басты. Қазіргі Қырғызстанның «Миллианфан» ауылынан 1941 жылы 19 жасында Сібірде құрылған әскери бөлімнің құрамында соғысқа аттанды. Курскіні азат ету шебі мен Днепр қанды шайқасының майдангері. Шығыс Еуропаны азат ету майданына қатысқан «Қырық жыл қырғын келсе де, ажал да өледі» демекші, екі рет ауыр жарақат алды. Кеудесіне оқ тиіп, Горький қаласында алты ай емделіп, жарақатынан айықты. Жазылып шыққан соң соғысқа қайта аттандарды. Чехияны азат етуде аяғынан оқ тиіп, тағы жарақатын емдеуге госпитальға жіберілді. 1944 жылы туған жерге оралды.

Бейбіт өмірде қарапайым тірлік етті. 40 жылдан аса қолынан құрығың, жолынан сырығын тастамай, шопандық міндетін адал атқарды. Зейнетке шыққан соң, Қордай ауылында мұрап болып өмірінің соңына дейін еңбек етті. Сол кездегі ауылдық кеңестің төрағасы Х.Айдамиров тұрғындарға суды әділетті бөлетінін бағалап, жыл сайын көктем шыға, мұрап болуын өтінетіні оның елге деген адал шаруасын бағалағаны еді, талай рет сол еңбегі үшін марапатқа да ие болған.

Ақылбай Ботбаев өзін ажал оғынан аман алып қалған жауынгерді бейбіт за-ман орнаған соң, марқұмның туған Отаны Нарынға іздеп барады. Бірнеше рет туған-туыстарын сұрау салып, өзі жол тартып барғанмен, еш нәтиже болмады.

«Отаның үшін отқа түс күймейсің» деп, Бауыржан Момышұлы айтпақшы, сонда сол қиын қыстау уақыттағы адамның адамға деген адамгершілігі, мәрттігі, жанашырлығы қазіргі бейбіт өмірден гері жарасымды, текті.

«Өмір қандай қатыгез болса да, аға ұрпақтың болашақ үшің, туған Отан үшін жасаған ұлы ерлігін ұмытпандар» деуші еді жүрегінен.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

Атам Ақылбай Әбілдаұлы жұбайы Гүлшарияның шаңырағынан алты бала тәрбиеленіп өсті. Бәрі де зиялы, елге сыйлы азаматтар. Алды немере сүйіп отыр. Солардың ішінде ауданымыздың, тіпті облыс спортына елеулі үлес қосып жүрген тұлғалы азамат Мұхтар Ақылбайұлы, еркін күрестен спорт шебері, «Қазақстан Республикасы білім қызметкерлерінің үздігі». Бүгінде 20 немересі бар, олардың ішінде үлкен немересін бауырына салып бақты.

Б.Момышұлының: «Ежелден ер тілегі ел тілегі, адал ұл ер бол туса ел тірегі» қанатты сезімен айтқанда, соғыста қаза тапқан, аман оралған, ұрпаққа үлгі болған аға буын-аталарымыздың қатал тағдыры мен күнәсіз батырлық ерлігі әрқашан біздің жанымыз бен жүрегімізде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.