ЕСКЕРТКІШКЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫН ҚОЙДЫ

0

Қордайда Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Бұл күні ардагерлерді құрметтеу мақсатында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің стелласына «Мәңгілік алауға» гүл шоқтары қойылды. Шараға аудан әкімі Бегзат Болатбеков бастаған бөлім басшылары, сала ардагерлері мен мекеме ұжымдары қатысты.

Мәңгілік алау – тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі күнде әр біріміздің міндетімізді, ел алдындағы борышымызды еске салып, болашақ ұрпаққа бейбітшіліктің баға жетпес екендігін түсіндіреді.

Салтанат барысында қатысушылар 1941-1945 жылдардағы зұлмат соғыстың зардабынан қаза тапқан жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Шарада, аудан әкімі бастаған топ Кеңес Одағының батыры, 28-панфиловшылардың бірі Николай Белашевтың ескерткішіне де гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Мәңгілік алау – өткенге тағзым ғана емес, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырып, ел алдындағы жауапкершілікті сезіндіретін қасиетті орын. Батырлар ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығы кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – ел тыныштығын сақтау, бірлікті нығайту және тарихи жадымызды ұлықтау.

Мәліметке сәйкес, бүкілодақтық қасіретке айналған Ұлы Отан соғысына қордайдан 10784 адам аттанған. Олардың жартысына жуығы, өкінішке орай, туған жеріне қайта орала алмады. Ажалдан аман қалғандар, жеңімпаз ретінде елдеріне оралды. Отан үшін от кешкен, елді жаудан қорғап, бейбітшілік үшін қан төккен соғыс ардагерлерін ардақтау кейінгі ұрпақтың парызы болып қала береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.