Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығындағы бәсекелестік қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз», — деген болатын Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Қордай ауданында инвестиция тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Аудан басшылығы алыс-жақын шетелден келген инвесторлармен көптеген келісімсөздер жүргізіп, аудан әлеуетін арттыратын жаңа мүмкіндіктерді қарастыруда. Тау-кен металлургиясымен айналысатын қытайлық инвесторлар Қордай ауданындағы алтын кен орындарына деген қызығушылық танытқаны жөнінде газет бетіне жариялаған болатынбыз. Ауданымымыздың қазыналы жер қойнауын зерттеуге ниетті шетелдік инвесторлар қатары артып келеді. Осы орайда, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов және аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл Қарасу ауылдық округіне қарасты «Майбұлақ шығыс» атты алтын кен орынына қытайлық инвесторларды апарып, көрсетіп қайтты. Қытайлықтар геологиялық зерттеу-талдау жұмыстарын жүргізіп, таудағы тастарды жинап, сынамаларды тексеру керектігін айтты.