Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың халық алдындағы кезекті есепті кездесуі Қасық ауылдық округінде өтті.
Бұл кездесулердің басты мақсаты – тұрғындарды ауданымызда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси шаралар туралы хабардар ету, алдағы міндеттер мен негізгі бағыттарды айқындау. Сонымен бірге жеткен жетістіктермен қатар орын алған кемшіліктерді де саралау болып табылады.
Кездесу барысында алдымен ауыл әкімі Айдын Асылбек 2024 жылы атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Ауыл әкімінің айтуынша, округте 2024 жылы жалпы 33 отбасына әлеуметтік көмек тағайындалды. Өмірлік қиын жағдайға ұшыраған 7 азаматқа мемлекет тарапынан берілетін бір жолғы көмек көрсетілді. Әскерге шақыру науқанында 18 жасақ беріліп толығымен орындалған. Округ бойынша жалпы 19 жаппай сенбілік ұйымдастырылып, демеушілердің көмегімен ағаш көшеттерімен сәнделсе, сондай-ақ әкімшілік тарапынан қоқыс тастайтын полигонға баратын жолдың екі жағына 400-ге жуық қара ағаш отырғызылған. Ауылда 655 абонент ауыз су жүйесіне қосылыпты.
Содан соң аудан әкімі сөз алып, аталмыш елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін сөз етті.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталғанын сөз еткен аудан әкімі Әлжан ана ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыратын полигонды қоршауға сметалық құжаттама әзірленіп, қаржы бөлінгені, ол жұмыстар жақсы нәтижемен аяқталғанын айтты.
Жиынға қатысқан ауыл тұрғындары аудан басшылығының және ауыл әкімінің атқарған жұмыстарын тыңдап, алдағы уақытта мал жайылымдық жерлерді белгілеу және де өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер жөнінде ұсыныс-тілектерін білдірді.