Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері — бұл әкімдердің халыққа өз жұмысының нәтижелерін және болашақтағы жоспарларын таныстыру үшін өткізілетін іс-шаралар. Мұндай кездесулердың мақсаты – әкімдердің халықпен байланысын нығайту, тұрғындардың проблемалары мен ұсыныстарын тыңдау, қоғамдық пікірді ескеру болып табылады. Дәл осы мақсатты көздеген аудан әкімі Бегзат Болатбековтың есепті кездесуі Степной ауылында өтті.
Степной ауылдық мәдениет үйіне жиналған қараша көпшілік округтегі және аудандағы атқарылған ілкімді істердің нәтижесін тыңдап, болашақтағы жоспармен де танысты. Бірінші кезекте іс-шараның форматы бойынша ауылдық округ әкімінің баяндамасы тыңдалуы керек. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды округ әкімінің міндетін атқарушы Мадияр Қарабаев халық назарына ұсынды. Оның баяндамасына сүйенсек, өткен жылы Степной ауылдық округіне қарасты Қалғұты ауылында шағын футбол алаңы орнатылса, Арал ауылында «стрит-воркаут» алаңы бой көтерді. Степной ауылындағы Қазына, Бәйшешек, Поляков, Жасұлан және Кирилов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Қалғұты ауылындағы Тыңдала, Ұста және Оңтүстік көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарына да көңіл бөлінген екен. Сондай-ақ, округтегі бірқатар көшелердегі жарық шамдары ауыстырылып, ойын алаңшалары салынып, ауыл іші абаттандырылды. Ал, өткен жылғы басты жаңалық – жаңа ауыз сумен қамту жүйесі іске қосылып, бұл өзекті проблема өз шешімін тапқан сияқты.
Осыдан кейін сөз кезегін алған аудан әкімі Бегзат Болатбеков степнойлықтардың өткен жылы көтерген мәселелердің орындалуы бойынша айтып өтіп, биылғы жоспарларды да тізіп өтті. Халық асыға күткен кезең – сұрақ-жауапта жиналған көпшілік өз сұрақтарын қоя бастады. Әр сұраққа жекелей жауабын берген аудан әкімі ауыл тұрғындарын елді мекендердің тазалығына жақсылап көңіл бөлулерін сұрады. Ауыл ішінің тазалығына биыл ерекше назар аудару қажеттігіне тоқталған Бегзат Сейсенқұлұлы бұл мақсатқа қаржы да қарастырылатынын жеткізді.
Әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері билік пен халық арасында ашықтық пен өзара түсіністік қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай кездесулер көбінесе ашық диалог түрінде өтіп, тұрғындар үшін маңызды мәселелер бойынша әкімдердің жауапкершілігін арттырады.