Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 26 сәуірдегі тапсырмасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1248 қаулысына сәйкес, 2025 жылдың 1 тамызынан 20 қазанына дейін елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Осыған байланысты Қордай ауданында дайындық жұмыстары басталды.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбайдың басшылығымен округтердің жауапты мамандарына арналған семинар өтті. Семинар барысында Қордай ауданы статистика басқармасының басшысы В.Темірова ауыл шаруашылығы санағының өткізілу мерзімдері мен деректерді жинау әдістерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Сондай-ақ, жиын барысында 2025 жылдың 1 тамызынан басталатын негізгі ауыл шаруашылығы санағына респонденттердің онлайн режимде сауалнамадан өтуін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Осы мақсатта әр округте өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын ұйымдастыру жоспарлануда.