ӨЗЕКТІ СҰРАҚҚА ТҰШЫМДЫ ЖАУАП

0

Аудан көлеміндегі өзекті мәселелерді облыстық мәслихат депутаттары ұдайы көтеріп, оларды облыс басшылығының назарына ұсынып келеді. Солардың қатарында білім саласына қатысты бірқатар жай аудандық газетте де сөз болған еді.

Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Айман Ашимова Үлкен Сұлутөр ауылындағы №39 мектептің бүгінгі жай-күйі мен ғимаратсыз қалған Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебінің мәселесін көтерген болатын. Бұл жай бұған дейін аудандық газетте де жарияланған болатын. Осы сұрақтарға кезек-кезегімен тоқталып өтсек.

Депутат облыс басшысына Үлкен Сұлутөр ауылындағы Манаш Қозыбаев атындағы мектептің қазіргі жағдайы алаңдаушылық тудыратынын жеткізген.

«1987 жылы құрама панельден салынған мектептің ғимараты әбден тозып, күрделі жөндеуді қажет етеді. Мектептің жобалық сыйымдылығы 724 оқушыға есептелгенімен, бүгінде мұнда 170 бала білім алуда, даярлық тобында – 20 бала. Сонымен қатар, ғимаратта «Асыл Әли» атты балабақша да орналасқан. Өкінішке қарай, 1987 жылдан бері мектепте ешқандай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Соның салдарынан ғимараттың төбесінен жаңбыр және қар сулары ағып, жертөлесін су басып жатыр. Едендері, есіктері, жылыту жүйесі, кәріз және электр желілері әбден тозған. 2023 жылы мектеп шатырына ішінара жөндеу жүргізілгенімен, оның сапасы төмен болғандықтан, төбеден аққан су сыныптарға дейін жетіп отыр. Бұл жағдай оқу процесіне айтарлықтай кедергі келтіруде. Сондай-ақ, мектептің жылыту және су құбырларының ескіруі білім беру үдерісін тиісті деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді», – делінген сауалда.

Аталған мәселеге көп ұзамай облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров жауап берген. Оның айтуынша, мектептің жағдайы әкімдікке мәлім. Қазіргі уақытта ғимараттың ауыз су құбырлары мен шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттама демеушілер көмегімен әзірленген. Ал, мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жаңарту бағдарламасы аясында бекітілген жоспарға сәйкес, аталмыш күрделі жөндеу 2028 жылға жоспарланып отыр. Яғни, екі жылдан кейін Үлкен Сұлутөр мектебі толық жөндеуден өтпек.

Ал, Мұқан Төлебаев атындағы өнер мектебіне келсек, облыс әкімінің бірінші орынбасары депутат сауалына берген жауабында балаларға қосымша білім беру ғимараттарының тапшылығына байланысты Қордай ауылындағы «Батыс» шағын ауданында «Достық үйі» салынатынын мәлімдеген. Қазіргі таңда бұл нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Егер жоспар ойдағыдай жүзеге асса, өнер мектебі жаңадан салынған «Достық үйіне» көшіріледі деп жоспарлануда.

Айта кетейік, қазіргі уақытта аталмыш өнер мектебі бірнеше жылдан бері жеке меншік ғимаратта орналасқан. Жалға алу құны да ай сайын едәуір қаражатты талап етеді.

Жоғарыда айтылған мәселелер оң шешімін тапса, бұл ауданның білім беру саласына үлкен серпін берері сөзсіз.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.