Кеңес халқының фашистік басқыншыларды жеңген Ұлы Жеңістің 80 жылдығы жақындап қалды. Бұрынғы КСРО аумағында аталары мен арғы аталары, туыстары осы Жеңісті жақындатуға атсалыспаған, майдан даласында шайқаспаған немесе тылда аянбай еңбек етпеген бірде-бір отбасы жоқ шығар, сірә. Олардың көпшілігі соғыстан оралмады. Бірақ олардың барлығы – қаза тапқандар да, Жеңіске жеткендер де – балалары, немерелері мен шөберелері үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі, еліктеуге тұрарлық нағыз қаһармандар болып қалады.
Сұрапыл соғыс даласында елін жаудан қорғаған жауынгерлердің бірі ТҰРҒЫН БӘЛІБАЕВ 1921 жылы 15 наурызда Шарбақты ауылында дүниеге келген. 1939 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп, әскер қатарына шақырылды. Ал 1941 жылы майданға аттанды. Кіші сержант соғыс кезінде байланысшы қызметін атқарған. Жаудың пулеметінен, артиллериясынан және минометтен атқылауына қарамастан үзіліссіз байланысты қамтамасыз ете білді. Осылайша, шарбақтылық батыр Ұлы Жеңіске де жетті. 1941-1945 жылдары өзінің Отан алдындағы борышын адал атқарғаны үшін көптеген наградалармен марапатталған. Олардың қатарында «За отвагу», «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг», «За освобождение Варшавы» медальдары, сонымен қатар «Қызыл Жұлдыз» ордені бар.
Соғыстан соң туған ауылына оралып ауылдық кеңеске салық агенті болып жұмысқа орналасты. 1949-1957 жылдар аралығында дүкенде сатушы, одан кейін сауда базасында автолавщик болып еңбек етті. 1962 жылы Георгиевка (қазіргі Қордай) ауылына көшіп келіп, жиырма жылдан астам уақыт аудандық қоғамдық тұтынушылар одағында қойма меңгерушісі болып қызмет етті. Осы жұмыс орнынан құрметті еңбек демалысына шықты. Жалпы, Т.Бәлібаев қойма меңгерушісі қызметінде жеке құрамды шебер басқарып, тауарды қабылдау мен жөнелтуді қатаң қадағалап отырды. Ол жақсы ұйымдастырушылық және коммуникативті дағдыларды, сондай-ақ жұмыстың әрбір ұсақ-түйегіне жіті назар аудару мен мәселелерді шешу дағдыларын талап ететін күрделі жұмысты адал атқара білетін. Бір емес, бірнеше шәкірттер буынын тәрбиелеп, ұстаздық еткен майдангерді кейіпкеріміздің әріптестері жоғары бағалап, құрметтейтін.
Ел басшылығы майдангердің ерлігі мен еңбегін елеусіз қалдырмады. Соғыстан кейінгі жылдары ол ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және көптеген медальдармен марапатталды.
1948 жылы Күлилә Молдажанова есімді аруды кезіктіріп отау құрды. Тату отбасында жеті бала дүниеге келді. Ата-анасы балаларын барынша қамтамасыз ету үшін тынымсыз еңбектенді. Уақыт өте келе балалар ер жетті, бәрі де жоғары білім алды, бүгінде әр салада еңбектеніп жүр. Т.Бәлібаев әулетінде 19 немере мен 34 шөбере өсіп келеді. Өкінішке орай, қаһарман-байланысшы Тұрғын Бәлібаев 1997 жылдың 15 маусымында о дүниелік болып кетті. «Артында бар – оңалар» демекші, батыр ата жолын немерелері мен шөберелері жалғастырып келеді. Ал балалары болса жыл сайынғы дәстүр бойынша 9 мамырда бас қосып, асқар тау әке рухына Құран бағыштайды.
Анжела ИЗАЕВА