Ұлы Отан соғысының от жалынында шыңдалып, ел мен жердің тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен жауынгерлер-бұгінгі бейбіт өмірдің негізін қалаған асыл жандар. Солардың бірі — Өмірқұл Құлшықов! Ол өз ғұмырын Отанға, еліне, жеріне қызмет етуге арнаған қадірлі азамат еді. Ел шетін жау алып, Ұлы Отан соғысы басталғанда қолына қару алып, майдан даласында ерлікпен шайқасты. Қан майдандағы қиындықтар мен қауіп-қатерге қарамастан елге деген сүйіспеншілігін жоғалтпай, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты.
Мүйізді Өтеген Өтеғұлұлының тікелей ұрпағы Өмірқұл Құлшықов Қазақстандық бөлек запастық атқыштар полкінде жауынгер болып, өзінің жанқиярлығы мен өжеттігінің, көзсіз ерлігінің арқасында кейіннен Солтүстік- батыс майданының 170 ші дивизиясы, 391 полкі,1 атқыштар ротасының взвод командирі және зеңбірекшілер ротасы командирінің орынбасары бола жүріп қаншама рет жаумен бетпе-бет келді. 1942 жылы басынан ауыр жарақат алып, госпиальға түсті. Емделіп шыққан соң қайта сапқа тұрып, арнайы жасақталған 161 атқыштар бригадасында рота командирі болды.1942 жылдан 1944 жылға дейін майдан даласында оқ пен оттың ортасында жүріп, ажалмен арпалысқан сәттерде қайсарлық пен ерліктің нағыз үлгісін көрсетті. Ең қанды шайқас Солтүстік-батыс майданындағы Демянск қазандығында өтті. Ильмень мен Селитер өзендерінің аралығындағы орманды-батпаты аймақтағы майдан 1,5 жылға созылып, жау әскері қоршауға алынды. Кеңес жауынгерлерінің ерлігі мен табандылығының арқасында Демянск қазандығы бағытындағы шайқас жеңіспен аяқталды. Ленинград маңында болған алапат шайқаста жан-жақтан атқылаған зеңбірекке қарамай, жауды артқа өткізбеуді әрі жауынгерлерінің амандығын ойлап, аяғына тиген оққа қарамастан бұйрық беріп зыр жүгіріп жүрді. Артынан білді қатты жарақат алыпты. Қанды қырғын шайқастарда тайсалмай алға ұмтылып, қаруластарымен бірге жауға қарсы тұрып, Жеңіс жолында табандылық танытты. Оның майдандағы ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Ол «Қызыл жұлдыз» 1 және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.
Өмірқұл Құлшықовтың өмір жолына үңілсең еңбекқорлықтың, табандылықтың, әрбір ісіне деген жауапкершіліктің, адалдықтың, әділдіктің үлгісін көресің. 1907 жылы ауқатты отбасында дүниеге келген ол 10 жасында ата-анасынан айрылып жетім қалып, нағашыларының тәрбиесінде болады. Нағашылары Өмірқұлды өз балаларынан кем қылмай өсіріп, оқытып, оның бар жағдайын жасапты. Соның арқасында ол арабша, латынша, орысша емін-еркін сөйлеп жаза білетін. Білімі жақсы болғандықтан көзге түсіп, 1927-1929 жылдары Қастек ауданында еңбек қорғау инспекторы қызметін атқарған.1929-1932 жылдары РККА кавалериясының қазақ полкінде еңбек етті. Қызылорда қаласындағы Кеңес Одағы жоғары партия метебінде, Алматыдағы Қазақстанның жоғары ауылшаруашылық мектебінде білім алған ол коммунистік партияның нұсқауымен Алматы облысы Көктал-Октябрь ауданы машина-трактор жасау станциясы директорының орынбасары болды. Алматы қаласында прокуратурада, сотта қызмет атқарды. Негізгі жұмысынан қолы қалт еткенде ақын-жазушылардың мұрасын жинастырып, оны зерттеумен айналысатын.1939 жылдан бастап майданға аттанғанша Алматы қаласының жанындағы қалалық кеңестің тұрғын үй басқармасында жауапты қызмет атқарды.
1944 жылы соғыстан жараланып, елге қайтты. Соғыстан кейін бейбіт өмірге оралған Өмірқұл аға еңбектің алғы шебінде жүрді. Қай салада қызмет етсе де адалдық пен жауапкершілікті ту етіп, ел дамуына үлесін қосты. Қарапайым болмысымен, еңбекқорлығымен көпке үлгі болды. 1944-1954 жылдары «Кеңес» ұжымшары төрағасының орынбасары болып, халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмысына белсене араласты. Бұл жерде де ол ауылдастарының қамы үшін өзінің ерлігін, шыншылдығын көрсете білді. Ұжымшар төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған бастапқы кезде өздері әрең күн көріп отырғандарды басынып, ішер асын, мал-мүлкін тонап жүрген ауылдастарын ұлты басқа бұзақылардан қорғаймын деп, қолына еріксіз қару алған күні болды. «Мен сендерге соғыстың зардабынан ес жия алмай, тойып тамақ іше алмай жүрген жуас халықты басынғанда көрсетейін деп», — бұзақылардың жолын аңдып, қару кезеніп оларды сабасына түсіргеннің өзі оның ерлігін, еш нәрседен қорықпайтын батылдығын дәлелдемей ме. Шындықты шырылдатып айтамын деп, партия қатарынан да шығып қалды. Аудан басшылары келіп, жиналыс ашып, жағдайлары тым нашар, енді-енді еңсесін тіктеп келе жатқан ұжымшар мүшелеріне орындауға келмейтін, жылдық жоспарды тапсырғанда Өмірқұл Құлшықов шыдай алмай орнынан тұрып: «Жоқ, бұған біз келісе алмаймыз. Бізге артып отырған жоспарларыңыз тым үлкен, қанша тырыссақ та мұны орындай алмаймыз. Мүмкіндік беріңіздер, биыл емес, келесі жыл орындайық», — деді тайсалмастан. Аудан басшылары «Сен неге партияның сеніміне қарсы шығасың», — деп өзіне дүрсе қоя берді. Сонымен не керек, үстінен нақақтан – нақақ жала жабылып, партия қатарынан шығарылды. Ол аз болғандай өзін халық комиссариаты ішкі істер өкілдері аңдуға кірісті. Өзі үйде жоқта НКВД-ның адамдары келіп, тінту жүргізіп, төл құжатын алып кетіпті. Ұжымшар үшін шырылдаған ерен еңбегі, соғыстағы ерлігі ескерілмеген соң ашуға бұлығып, қолына қалам алып, партиядан шығару туралы жиналыста дауыс беру қорытындысы бойынша өзін 18 адамның қолдағанын, 13 адамның қарсы болғандығын баяндап Қазақстан Орталық Комитетіне хат жазды. НКВД маза бермеген соң Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке жолықпақшы болып Алматыға аттанады. Ал, Жұмабай Шаяхметов екеуі 1929-1932 жылдары кавалериялық полкте бірге қызмет еткен еді. 1932-1938 жылдары Жұмабай Шаяхметов екеуі Алматы қаласындағы прокуратурада бірге қызмет етіп, жақын араласып дос болып кеткен-ді. Кейін Өмірқұл Құлшықов қалалық сотта қызмет атқарғанда да екеуі араласып тұрды. Болған жайды бүге-шығасын қалдырмай сыралғы досына баяндап берді. Бірінші хатшы істің ақ-қарасын анықтап барып, шешім қабылдайтынын айтып, досын шығарып слады.
Көп ұзамай Қазақстан Орталық Комитетінен партия мүшелігі қатарын қайта қабылдандыңыз, деген хат келді. «Аққа құдай жақ», — дегендей қаншама уақыт жазықсыз жапа шексе де, партиялық билетін қайта алғанда қуанышында шек болмады.
Партияның нұсқауымен көптеген лауазымды қызметтерді үлкен жауапкершілікпен атқарған Өмірқұл Құлшықов әділ әрі адалдығымен, шыншылдығымен ерекешеленген жан. Жауапты қызметтерді атқарумен қатар әдебиет пен тарихты зерттеуді ұмытқан жоқ. Әмір Темірдің өнегелі ісін, бай мұрасын толық зерттеудің қажет екендігін түсініп, Ленинград қаласындағы Салтыков-Шедрин атындағы мемлекеттік кітапханаға бабамыздың этнографиялық шығармасын, оған қоса түсініктеме хат жазып жібергенінің өзі үлкен еңбек емес пе. Сонымен қатар Өмірқұл Құлшықов Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі, Байсерке сынды өнер қайраткерлерінің, Қордай, Шу өңірінен шыққан сал-серілердің мол мұраларын көнекөз қариялардың аузынан естіп, ақ қағазға түсірумен айналысты.
Майдангер Өмірқұл аға халық қаһарманы Бауыржан Момышұлымен де араласып, үнемі хат жазысып тұрған екен. Бауыржан Момышұлының өтініші бойынша Мүйізді Өтеген батырдың ұрпақтары туралы мәліметтерді жинас-тырып, жазып беріпті. Ал, енді өзінің тікелей бабасы Мүйізді Өтегеннің жерленген орнын тауып, оны туған жеріне апарып қайта жерлеуіне бар күш-жігерін салғаны өз алдына әңгіме. 1973 жылы Алматыға жолы түскенде Райымбек бабаның басына зиярат етуге барып, шырақшы Досжанмен әңгімелескені бар. Сонда Досжан Өмірқұл ағаның Өтеген батырдың ұрпағы екенін біліп, «Қордайдағы Кеңес ауылында батырдың алты баласынан тарайтын ұрпақтары тұрамыз дейсің. Онда неге бабаларыңның сүйегін су астына жібермексіздер? Бір әрекет жасап, сүйегін туған жеріне алып кетпейсіңдер ме?», — деп қатаңдау сөйледі. Сөйтсе, Қапшағайдың суы көтеріліп, бейіт су астында қалғалы тұр екен. Ауылға келісімен қарияларды жинап, мән-жайды баяндап береді. Сүйекті әкелуге бабаның алты баласынан тараған ұрпақтарының біреуі келіссе, біреуі келіспей дұрыс шешім қабылданбады. Кезекті жиында да біржақты шешімнің қабылданбағанына ренжіп жатып қалғаны бар. Ұйықтап кеткен екен, түсінде аппақ киінген, сақалы ұзын қарт абыз үйге кіріп, төрге шығып зілді дауыспен «Балам, неғып жатсың. Нартәуекел, тұр орныңнан!», — дегені. Орнынан ұшып тұрса таң бозарып атып келеді екен. «Бабам маған бекер аян бермекен шығар», — деп ойлап іске белсене кірісуге бел байлады. Ауыл қарияларын тағы бір жинап, «Алматыға кетіп барамын, маған кім ілеседі», — деді. Жианлағандардың төмен қарағанын көрген Сұлтанбай ақсақал «Мен барамын», — деп орнынан тұрды.
Сонымен не керек,1940-1958 жылы Алматыда әскери комиссар, 1958 жылдан зейнетке шыққанға дейін Кеңес ауылдық кеңесінің төрағасы болған Сұлтанбай ақсақал екеуі талай есікті қағып, талай табалдырықты тоздырып жүріп, бейітті ашып, бабаның сүйегін елге жеткізуге құзырлы органдардан рұқсат қағазын алған соң Сауранбаев Сұлтанбай мен Құлшықов Өмірқұл Үкімет үйіне, Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа шақырылды. Алайда Дінмұхамед Ахметұлының шұғыл шаруасының шығып қалуына байланысты ол кісілерді Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров күтіп алып, «Өтеген батыр бүкіл қазақ халқының маңдайына біткен ұлы тұлға ғой. Осындай керемет те, ұлы тұлғаның қамын ойлап, күн-түн демей артынан шапқылап жүрген сіздердей ұрпақтары болғанына қатты қуанам. Сіздердің бүгін істеп жатқан істеріңіз келер ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қаларына сенімдімін, өздеріңіздей ардақты ақсақалдарымыздың барлығына өте ризамын және қалың елдің, республика жұртшылығының атынан үлкен рақмет айтамын», — деген Дінмұхамед Ахметұлының ыстық ықыласын жеткізді. Еңбектерінің зая кетпей Қазақстанның бірінші басшысының тарапынан қолдау көрген қордайлық екі ақсақал қуанышты хабармен ауылға тартты. Осылайша 1973 жылы Сұлтанбай ақсақал мен Өмірқұл ағаның тікелей бастамасы әрі басшылығымен Өтеген бабаның сүйегі туған жеріне жеткізілді. Алайда, алған бетінен қайтпайтын, тарихты тереңінен білетін Өмірқұл аға мұнымен шектелмей, Өтеген Өтеғұлұлының ескерткішін тұрғызуға бар күш-жігерін салды. Бүгінде бабасының қара тегенесі Өтеген Өтеғұлұлының ұрпақтарының қолында болса, сүйегі салынған қара шабаданның Өмірқұл ағаның шаңырағында үқыппен сақталуы да көп жайтты аңғартса керек.
Соғыста асқан ерлік көрсетіп, елге оралған соң партия қайда жіберсе сол жерге барып үлкен жауапкершілікпен қызмет атқарған, сонымен қоса тарихты зерттеп, бабаларының өмір жолын өзіне бағдаршам етіп ұстаған, Өмірқұл Құлшықов отбасында адал жар, сүйікті әке бол білді. Жұбайы екеуі екі ұл, бес қызды тәрбиелеп қатарға қосты. Кенже ұлы Дәулеткелді әкесінің қара шаңырағына ие болып, шырағын өшірмей отыр. Дәулеткелді бауырымыз әкесінің ерлігін, еңбекқорлығын, ізденімпаздығын, азаматтығын әркез басқаларға үлгі етіп отырады. Әкесі сияқты Өтеген бабасының рухын асқақтатып, ата-баба аманатына адалдық танытуда.
Өмірқұл Құлшықов Ұлы Отан соғысының ардагері ғана емес, сонымен қатар ел тарихына тағзым еткен, бабалар рухын ардақтаған тұлға болды. Ерлік пен елдік дәстүрді бойына сіңірген Өмірқұл аға өз ісімен, мінезімен Өтеген батыр бабасының рухын асқақтатқандай еді. Өмірқұл Құлшықовтың өмір жолы-ерлік пен еңбектің тұтас шежіресі. Артында қалған ұрпағы мен ел-жұрты үшін Өмірқұл ақсақалдың есімі әрдайым құрметпен аталады. Оның жауынгерлік ерлігі мен бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Қай кезде болмасын, қай ортада жүрсе де ол ұлттың рухын көтеріп, кейінгі ұрпаққа өнеге бола білді.
Өмірқұл Құлшықовтың ғұмыры — бабалар ерлігінің жалғасы іспеті. Ол кешегі батырлардың рухын бүгінге жеткізген алтын көпір. Уақыт өтесе де Отан үшін жанын шүперекке түйген ерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Өмірқұл Құлшықовтың жарқын бейнесі жүректерде мәңгі сақталады.
Роза АЙДАРБЕКОВА