ҰРПАҒЫ БАРДА АТЫ ӨШПЕЙДІ

0

Соғыс біткелі 80 жыл өтті. Жеңіс жылы өмірге келген ағаларымыз сексен жасты еңсеріп отыр. Бір адамның ғұмырындай бұл мерзімде арада талай су ағып, өмір өзгерді. Ауданда ең соңғы соғыс ардагерлері бақилық болғалы да айлар аунап, жылдар жылжып барады. Алайда, кешегі Ұлы Отан соғысында от-жалын кешкен майдангер әкелер рухы ешқашан ұмытылмақ емес.

Сондай майдангерлердің бірі СЕЙФУЛДА РАМАЗАНОВ болатын. Ол 1923 жылы Красногор ауданы, Сұлутөр өңірінде туған. Мұрты жаңа тебіндеп, жігіт жасына жеткенде еңбекке араласты. Оң-солын танып, шашын сәндеп тарап, қызға көз сала бастаған шақта батыста соғыс өрті бұрқ ете түсті. Тау бөктеріндегі шағын ауылдан күн аралатып майданға ер азаматтар аттанып жатты. Соғыстың екінші жылы бұған да әскерге шақырту келді. Алғаш Ашхабад қаласындағы жаяу әскерлер училищесіне курсант болып қабылданды. Соғыс өнеріне біршама дайындаған соң бұлардың курсы түгел майданға жіберілді. Сол тұста 1942 жылдың қазан айынан келер жылдың мамырына дейін қан қасаптың ордасына айналған Сталинградтан бір-ақ шықты. Кейіннен тарихшылар анықтағанындай, Сталинградтағы жеңіс соғыстың тағдырын шешкен шайқас болды. Сейфулда, міне, осындай тарихи майданның бел ортасында артиллериялық полкте жауға қарсы қаншама снарядтарды қарша боратты десейші.

1943 жылдың мамыр айынан күзге дейін Воронеж қаласында кіші офицерлер курсында оқып, кіші лейтенант шенімен 3-ші Украина майданында 7-ші гвардиялық әуе-десант дивизиясына қарасты 21-ші атқыштар полкінде минометтік взводтың командирі болып 1944 жылдың жаз ортасына дейін соғысқа қатысты. Одан кейін 208-ші атқыштар полкінде комвзвод болды. Румынияны және Австрияны жаудан азат етуге атсалысты.

Ұрпақтарының қолында аталарының бір марапат парағы сақталып қалған екен. Ол Қызыл тулы Звенигород атқыштар дивизиясының 3-дәрежелі Кутузов орденді 208-ші полкінің бірінші атқыштар ротасының взвод командирі гвардия лейтенанты Сейфулда Рамазановты «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсыныс екен. Онда 1945 жылы 16 наурызда Яношфугаш селосының солтүстігінде тастай бекінген жау қорғанысына қарсы шабуылдау кезінде Рамазанов жолдас өзінің жеке үлгісімен жауынгерлерге тапсырманы орындауға айрықша жігер бергені жазылыпты. Яғни, ол төніп тұрған сан қатерге қарамастан траншеядан бірінші болып атып шығып, взводын жау бекінісіне қарай бастап, жеке өзі үш неміс солдатын атып сұлатқан. Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған. Марапат парағына полк командирі, гвардия подполковнигі Карапетян қол қойыпты.

Соғысты Австрия жерінде аға лейтенант шенінде аяқтаған С.Рамазанов 1946 жылы елге оралып, Красногор аудандық партия комитетінде штаттағы үгітші қызметін атқарды. 1952 -1956 жылдары жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып, оны бітірген соң Красногор аупарткомының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. 1957 – 1962 жылдар аралығында ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Алайда, майдангерді соғыстан қалған жарақаты мазалай беріп, ұзақ емделуіне, мүгедектік алуына, дәрігерлердің кеңесімен 1964 жылы қоныс аударып 1964 жылы аудан орталығынан туған ауылына оралуға тура келді. «Красный Октябрь» колхозында экономист, кадр бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Сейфулда баршаға қамқорлық жасаған, есімін еске алып құрметтеуге лайықты, өмірі өнегелі азамат еді деседі білетіндер.

– Мен 1970 жылдары «Искра Ленина» колхозында зоотехник едім, — дейді өтегендік Тұрған Жасыбаев ақсақал. — Жас кезім, бір күні мені аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Р.Ахметов шақырып алып, «Красный Октябрь» колхозына бас зоотехник болып барасың, деді. Бас мал дәрігері болып күнбатыстық Саяқ Айдынбаев баратын болды. Үйге келіп ата-анама айтып, жаңа қызмет орнына жиналдым. Сонда әкемнің інісі Қыдырма деген ағамыз: — Сен баратын ауылда менің соғыста бірге болған досым Сейфулда тұрады, қызметке әбден орныққанша солардың үйінде тұрасың, — деп қаруласына хат жазып берді. Содан алты айдай Сейфулда аға мен Бәкиза жеңгеміздің үйінде ол кісілердің қамқорлығына бөлендім. «Қандай ортаға түссең, сондай адам боласың» деген рас сөз. Бәкиза жеңгеміз мектепте мұғалім болатын, қаншама жастар оның ұстаздық тағылымын алды. Ал, ағамыз соғыс мүгедегі болса да қызметін барынша адал, тиянақты атқару жағынан маған үлгі өнеге көрсетті. Дастархан басында да олар адамды биікке өрлететін адамгершілік, адалдық, жауапкершілік қасиеттері туралы көп айтатын. Әрқашан айналасындағы адамдарға жан жылуы мен рух шуағын шашып жүретін…

Өкінішке орай, ауыр сырқаттың салдарынан 1989 жылы алпыс алты жасында өмірден озды. Ол бар өмірін мектепте жас ұрпаққа білім беруге арнаған зайыбы Бәкиза Төлегенова екеуі жеті балалы болып, оларды өсіріп тәрбиеледі, барлығына жоғары білім әперді. Бүгінде ұрпақтары өсіп-жетіліп келеді, өмірдің әр саласында аталарының атына лайықты еңбек етіп жүр. Ұлдарының бірі Бекен Рамазанов ұзақ жылдар мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының басшысы болғаны барша қордайлықтарға мәлім. Балалары, немере-шөберелері майдангер ата есімін әрдайым ардақтап жүреді.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.