ӨЗЕКТІ СҰРАҚТАР ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

0

23 сәуір күні «Аманат» партиясының аудандық филиалының мәжіліс залында Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы ұйымдастырылып, ауданның тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселелер талқыланды. Жиынға кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков жетекшілік етіп, кеңес мүшелері, шақырылған жауапты тұлғалар қатысты.

Күн тәртібінде екі өзекті мәселе қаралды. Оның алғашқысы – аудан көлеміндегі әлеуметтік және сауда нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалу жайы. Бұл мәселе бойынша Қоғамдық кеңестің Аграрлық саясат, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі Еркін Әбілдаев жан-жақты баяндама жасап, зерделеу нәтижесінде анықталған кемшіліктерді ортаға салды. «Бауырхан» және «Үсен ұлы» базарларында жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы да тілге тиек етілді. Кемшіліктер – бар, алайда оларды жоюға ниет те, нақты жоспар да бар екенін Қордай ауданының төтенше жағдайлар бөлімі басшысы Қанат Иманқұлов атап өтті. Ол кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі жүргізілетінін айтты.

Ал екінші мәселе – ерекше толқыныс пен мақтаныш сезімін оятқан тақырып болды. Қаракемер ауылының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ерліктің үлгісін көрсеткен майдангер Әбіл Нүсіпбаевты Қазақстан Республикасының ең жоғары марапаттарының бірі – «Халық қаһарманы» атағына ұсыну туралы бастама көтерілді. Кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков осыны кеңес мүшелерінің назарына ұсынып, оны Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай тарихи әділеттің көрінісі деп атады. Кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, шешім қабылдады.

Халықтың мұңы мен тілегіне бей-жай қарамайтын, шынайы қоғамдық пікірді қалыптастыратын орган ретінде Қоғамдық кеңес тағы бір мәрте өз орнын айшықтады. Ал, жалпы жиындағы екі сұрақ бойныша шешім жобасы талқыға түсіп, қабылданды.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.