Қордай аудандық «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Павлодар облысы өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі таныстырылымы өткізілді.
Аталған өңірде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыруды көздеген шараға Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы» КММ басшысы Меруерт Есембаева, Павлодар облысындағы бірқатар ауылдық округ әкімдері, Қордай аудандық «Мансап» орталығы директоры Саламат Көпешов және аудан тұрғындары қатысты.
Елімізде азаматтардың негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» Ұлттық жобасы 2021 жылы іске қосылған болатын.
«Аймақта көші-қон мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Көшіп келген тұрғындарды жұмысқа орналастыруда олардың негізгі мамандықтары мен дипломдарына назар аударылады. Мамандық бойынша жұмыс табылмаған жағдайда да олар жұмыссыз қалмайды. Жауапты мамандар жұмыс істеймін деген адамның екі қолына бір күрек тауып беруге дайын», — деді Меруерт Сейтбекқызы.
Шара аясында аталмыш облыстың ауылдық оруг әкімдері өзіне тиесілі округтің әлеуметтік әл-ауқатымен таныстырды. Сонымен қатар, жұмысқа орналасуға ниетті азаматтарға әлеуметтік қолдау шаралары – тұрғын үймен қамтамасыз ету, көшуге жәрдемақы төлеу, жол шығындарын өтеу секілді мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ