БАҚ ӨКІЛДЕРІ БАС ҚОСТЫ

0

Сейсенбі күні М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйытқы болуымен «Бүгінгі журналистика: сын-қатерлер, трендтер, мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл» тақырыбында іс-шара өткізілді.

Заман талабына сай журналист мамандарын сапалы дайындауды көздеген отырысқа өңірлік және республикалық БАҚ өкілдері, журналистика факультетінің студенттері қатысты. Шара онлайн және оффлайн форматта өтті. Семинардың басты мақсаты – журналистердің ақпарат алу және таратудағы кәсіби білігін арттыру болды.

Zoom платформасы арқылы кіріспе сөз айтқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов журналистиканың қазіргі даму бағыты мен мемлекеттің ақпараттық саясаттағы рөлі туралы баяндады.

«2017 жылдан бастап мемлекеттік органның бірінші басшысына тікелей бағынатын БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілетті тұлғаның мәртебесі белгіленді. Бұл мемлекеттік органдардан ақпарат алудың сапасы мен тиімділігіне әсер етті. Қарқынды дамып жатқан медиа-ортада біз мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы байланысты жақсартуға тиіспіз», — деп түсіндірді ол. Семинар модераторы ретінде Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев жүргізді. Ол өз сөзінде, Дулати университеті кәсіби журналист кадрларын даярлаумен қатар, медиа саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бірқатар үлес қосып жатқанын сөз етті.

Әрмен қарай семинар бағдарламасы бойынша Жамбыл облысының «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» директоры Алмат Сәдуақас сөз алып, мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы байланыс мәселесіне тоқталды. Өз баяндамасында ол тиімді коммуникацияның ашықтық, жеделдік және сенімділік принциптеріне негізделуі қажеттігін атап өтті.

«Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева өз баяндамасында, медиаконтентті визуализациялаудың заманауи тәсілдері туралы сөз қозғады.

Жиын соңында, БАҚ саласының үздіктері семинар қатысушыларына ақпараттық насихат саласында қызмет атқару барысында нақты әрі сенімді ақпаратпен ғана бөлісуге шақырды.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.