ОЛ «ХАБАРСЫЗ КЕТКЕНДЕР» ТІЗІМІНДЕ ЕДІ

0

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, тағы да қолыма қалам алдырып отырған сол соғысқа қатысқан аталардың алдындағы перзенттік парыз екені һақ. Ел басына күн туғанда қай ауылдан да Отан қорғау үшін қолына қару алғандар аз болмаған. 1987 жылы Қаракемерде соғыста қаза тапқан боздақтардың есімдері тас тақталарға қашалып жазылған ескерткіш орнатылған-ды. Ондағы 246 адамның тізімінде жасы кәмелетке жаңа толып, әлі оң-солын танып үлгермегені де, соңында жары, екі-үштен баласы қалған сақа азаматтар да болды. Тағдырдың жазуымен олар жер жастанып, мәңгілік мекенін майдан даласынан тапты. Солардың бірі – МОЛДАСЕЙІТ БІТЕМБАЕВ болатын.

Молдасейіт соғыс басталғанда отыз екі жаста болды, көп ұзамай әскерге шақырылып, артында әйелі Айсара, бес жасар ұлы Құсайын мен апыл-тапыл басқан қызы Талшаны қалдырып қан майданға кете барған. Сол бойы одан ешбір хабар-ошар болмай, не өлісі, не тірісі белгісіз «хабарсыз кеткендер» тізімінде саналып келген еді. Ұрпағының қолында бар жалғыз дерек кейіннен 2001 жылы жарық көрген «Боздақтар» кітабындағы: «Бітенбаев Молдасейіт, қатардағы жауынгер. 1909 ж. Қаракемер ауылында туған. Қазақ, колхозшы. Әскерге Қордай аудандық әскери ком-да шақырылған. Хабар-ошарсыз кетті» деген сараң жолдар ғана. Болған-біткені сол. Тіпті, суреті де қалмапты. Ол қай әскердің құрамында, қайда соғысты, қаза тапса қайда жерленді деген сұрақтар мұндаға дейін ұрпағының жанын жай таптырмай келген-ді.

Білетіндер Молдасейіт босағасына құт қонған, дәулетін маңдай терімен жиған әулеттің еңбек торысы болғанын айтады. Құлболды ішінде Шағалақтан тарайтын Қылқаннан ағайынды Бітембай мен Қабыл бірге туғанда, Молдасейіт Бітембайдың жалғыз ұлы екен. Әкесінің інісі Қабыл ертерек қайтыс болып, одан қалған жалғыз тұяқ Жетібай жетім қалады. Ол қаршадайынан белі майысып әлдекімнің есігінде жүрген жерінен Молдасейіт атына міңгестіріп әкеліп, өзінің тұңғыш баласы есебінде бағып-қағып адам қатарына қосқан екен. Бұл оның ағайынға адал, туысқа бауырмалдығын көрсететін бір ғана мысал. Сол Жетібай ержеткен соң соғысқа қатысып, десантшы болып майданда талай ерлік көрсеткен. Батыстан кейін шығыста жапон самурайларын ауыздықтауға қатысқан. Соғыстан аман келіп Алмалы ауылында тұрып еңбек еткен. Молдасейіттің қарындасы Алтынайдың қызы Әтілес ананы бүкіл Қаракемер жұрты құрмет тұтатын. Осыдан екі жыл бұрын жасы тоқсанның бел ортасына барып дүниеден озған оның жолдасы Бұлтбай Мәлімбаев та сұрапыл соғыстың өрт жалынын белуардан кешкен омырауы орденге толы майдангер болатын.

Өмір бір сарынмен өтіп жатты. Молдасейіт соғысқа кеткенде бес жаста қалған ұлы Құсайын ер жетіп үлкен азамат болды. Чапаев атындағы ұжымшардың озат шопаны атанды. Жаздың ми қайнатар аптабы мен қыстың шыңылтыр аязына қарамай ақтылы қой өргізіп, қоғам малын өз төлі есебінен көбейту жолындағы еселі еңбегі үшін Құсайын Молдасейітов «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь Революциясы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталып, суреті аудандық Құрмет тақтасынан түспейтін-ді. Зайыбы Ырысбүбі Нұрлыбайқызы екеуі тоғыз балалы болып, олардың ешкімнің ала жібін аттамай адал азамат болып өсуіне, шетінен жоғары білімді, іскер де қайырымды жандар болып шығуына қам жасап, тілекші болып жүретін. Ата-ананың сол үмітін ақтап ұлдары Әлімтай, Әлімбек, Қайрат, Әлімқұл бүгінде кәсіпкерлікті шырқ иіріп, әрқайсысы әр жақта бизнеспен табысты айналысып жүрген азаматтар. Қыздары да бір-бір шаңырақтың түтінін түзу шығарып, бауырларының ынтымағын бекемдеудегі үлесі зор. Ағайындылардың туған ауылына жасаған «атымтай жомарттығы» аймаққа үлгі болды. Бас меценат Қайрат Молдасейітовтың қолдауымен Қаракемердің қақ ортасынан еңселі мешіт, жүз орындық балалар бақшасын, дәрігерлік амбулатория, ал, 2016 жылы жабық спорт ғимаратын салып тарту еткені ше! Өткен жылы оның қасынан ашық және жабық футбол алаңдарын салып, бүтіндей спорт кешенімен ауыл балаларын тағы да қуантты.

— Спорт кешеніне Молдасейіт атамыздың есімі берілді. Өйткені, әкеміздің ең басты арманы соғыста хабарсыз кеткен әкесінің, яғни, атамыздың бір дерегін білу болды. Осыны бала кезден құлағымызға құйып, аманаттап жүретін, – дейді ағайындылардың үлкені Әлімтай Молдасейітов. Сол аманатты орындау жолына білек сыбана кірістік. Ресейдің басты мұрағаттарына хат жолданып, тиісті орындарға сұрау салынды…

Ақыры, ресейлік еріктілердің көмегімен 2015 жылғы жазда сарғая күткен хабар да алынады. Сөйтсе, аталары 170-ші дивизияның құрамында пулеметші болған екен, 1942 жылдың соңында ауыр жарақаттан Пола госпиталінде қайтыс болыпты. Пола – Петербург пен Мәскеудің аралығындағы теміржол станциясы бар шағындау қала. Аталарының сүйегі осы қала маңындағы бауырластар бейітіне қойылған болып шықты. Онда не тұрыс, Молдасейітовтер тез жиылып сол жылдың қыркүйек айында майдангердің немере- шөберелері болып оншақты адам, қастарына дін өкілін де ертіп дереу жолға шықты. Осы күні самолетке жол алыс па, ертесіне-ақ Поладан екі шақырымдай шығыста орман ішіндегі бауырластар бейітіне жетіп жауынгер ата рухына бас иісті. Құлпытасқа жазылған жетпістен аса адамның тізімінен аталарының да аты-жөнін көріп көңілдері босады. Сол жерде мал сойып, Мұқаметжан имам жетпіс үш жыл бұрын қаза болған жауынгердің жаназасын шығарып, күңіренте құран бағыштап, бауырластар бейітіне ата-бабаларының кіндік қаны тамған қара орманы – Күнгейдегі ескі жұрттан ала барған бір уыс топырақты сеуіп көңілдерін демдеді.

Әрине, аталары құрамында болған әскери бөлімнің тарихына да біраз қанығып қайтты. Бұл 170-ші атқыштар дивизиясы соғыс басталғаннан кейін Уралда құрылып, 1942 жылы жазда Волхов майданындағы алапат шайқастарға қосылған екен. Подполковник Ушаков басқарған дивизияның алдына қойылған айрықша бір әскери тапсырма – басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланып, сол кезде «Мертвая голова» атанған СС дивизиясының қорғанысын бұзып өтіп, Пола және Ловать өзендерінің аралығындағы стратегиялық жолға шығып, сол маңайды түгел бақылауға ұстап тұру болыпты. Дивизия әскерлері СС-шілермен бірнеше мәрте бетпе-бет келіп, өліспей беріспес текетіресте екі жақ та көптеген адамдарынан айырылыпты. Солардың қатарында пулеметші Молдасейіт те ауыр шайқаста қатты жараланып госпитальге түседі. Сол күйі оңалмастан демі үзіліп, денесі дивизияның осы бауырластар бейітіне қойылған екен.

Молдасейіттің қызы Талша жайын да айта кетейік. Әкесінен бір жасында қалған ол да бой жетіп, тұрмыс құрып он балалы «Батыр ана» атанған, екі жыл бұрын ғана сексен үш жасты еңсеріп барып дүниеден озыпты. Айтпақшы, нағашы атасының жерленген жеріне барған топтың құрамында оның кенже ұлы Бейсен де болған.

Соғыс құрбандарының бірі Молдасейіт Бітембаевтың бір ұл, бір қызынан тараған ұрпағы, шүкір, қазір осылай бір қауым елге айналды. Олар жеңімпаз аталар мен әкелер сыйлаған мынау бейбіт өмірдің бағасын біледі және қай-қайсысы да небәрі отыз үш жасында соғыста шейіт болған атасы Молдасейіт пен әке мейіріміне бөленбей өсіп, бар игілікке табан ақы, маңдай терімен жеткен, 46 жасында бақилық болған әкесі Құсайынның атына кір келтірмеуді мұрат тұтқан.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист

Leave A Reply

Your email address will not be published.