Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай еліміздің әр өңірінде ардагерлерге құрмет көрсетіліп, тағзым етілуде. Осындай игі істердің бірі – Бетқайнар ауылдық округінде де жалғасын тапты.
Ауылдық округ әкімі Бақытжан Құттықов майдан шебінде болмаса да, тылда аянбай еңбек етіп, жеңістің жақындауына үлес қосқан тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады.
Ауыл басшысы ең алдымен 101 жасқа толған Зейтана Құттықованың үйіне барып, ғасыр жасаған қарияны мерекемен құттықтап, арнайы төсбелгі тағып, сый-сияпат табыстады.
Сондай-ақ, осы күні әкім тыл ардагерлері Ханоглан Абышев, Кеңесбай Ахметкерімов, Күлдара Айтқұлова, Бүбізаим Мақұлбаева және Жаңатілеу Тәуекеловтің үйлеріне де барып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Қариялар да өз кезегінде елдің амандығын тілеп, ақ баталарын берді. Бетқайнар ауылында ардагерлерге деген осындай ыстық ықылас – бүгінгі ұрпақтың өткенге деген тағзымы, бейбіт өмірдің бағасын білгендігінің жарқын белгісі. Айта кетсек, осындай құрмет көрсету шарасы ауданымыздың барлық ауылдарында жалғасын тапты.