ЕҢБЕКТІҢ ТҮБІ ЖЕҢІС

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық саланы дамытуға басымдық беру керегін үнемі айтады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласы аясында кәсіпкерлікті дамытуға да қолдау бар. Соның бірі «Ауыл аманаты» жобасы.

Ауылдық жерде кәсіп бастаған тұрғындар қатары жыл санап артуда. Бүгінде ел тұрғындарының жобаларына «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолдау болуда. Бизнесін 2,5 пайыздық несиемен дөңгелеткен кәсіпкерлердің бірқатары Степное ауылдық округінде тұрады. Жалпы былтырғы жылдан бері аталмыш жобаға ауылдық округтен 17 азамат өтінім білдірген. Оның ішінде: 12 – азаматтың өтінімі қанағаттанарлық деп танылған, 3 – қараудан бас тартылған, 2 – азаматтың өтінімі қаралуда.

Жобаға қатысып жолы болғандардың бірі – Бибіжамал Сеилова. Ол жолдасы екеуі 2020 жылдан бері өз қаражаттарына жылыжай орнатып, 10 сотықты құрайтын бақша іргесінде картоп өнімін өсірумен айналысып келеді.

«Жеке кәсіпкерлікпен айналысуға азды-көпті тәжірибеміз бар, өйткені жобаға дейін де есік алдында бау-бақша баптап, бағбандықтың қыр-сырына әжептеуір жетік болып қалған жайымыз бар. 2024 жылы жылыжай шаруашылығын кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несие тағайындалды. Өтінішіміз арнайы комиссиядан қолдау тауып, 8,600 мың теңге қаражатқа қол жеткіздік», – дейді кәсіпкер.

«Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес» дейді халқымызда. Жылыжай шаруашылығы ерінбеген еңбекпен ғана еңсеретін кәсіп емес, оған жүректің ерек құштарлығы қажет. Мұның сырына жұмыс басында болғанымызда терең қанықтық.

«Мемлекеттің ел тұрғындарына берген мүмкіндігінің арқасында осы жылы кәсіп аясын кеңейтудің сәті туды. Ендігі мақсатым – жылыжайда қияр мен қызанақ өсіріп, оны халыққа қолжетімді бағада өткізбек ойым бар», – дейді жоба қатысушысы.

Жалпы «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты ауыл тұрғындарының кәсібін дамытуға, олардың өрістеп, қанатын кеңге жаюына ықпал ету болып табылады. Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында ауылдардағы жұмыссыздықты жою, ауыл халқының жеке кәсібін жүргізу арқылы табыс табуға үйретуге бағытталған.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.