ӨЗ ҚОЛЫМЕН СҰЛУЛЫҚТЫ СОМДАҒАН

0

Біздің ауданда қолөнершілер көп. Олардың шығармашылық жұмыстары ауылдық, аудандық, облыстық іс-шараларда көрмеге қойылып, әрбір туынды тұрғындарды қуанышқа бөлейді. Солардың бірі Қарасай батыр ауылында тұрады. Ол — Гүлнұр Жұмабекова.

Ойыншықтар, әртүрлі сәнді киімдер мен сөмкелер Гүлнұр Жұмабекованың өз қолымен жасайтын дүниелерінің бір бөлігі ғана. «Қолөнерім өмірімді өзгертті», — дейді Қарасай батыр ауылының тұрғыны.

Гүлнұр Амантайқызы тігіншілікті бала кезінен бастаған. Ал бүгінде ол барлығын дерлік өз қолымен жасайды: ұлттық киім, көрпеден бастап, ойыншықтарға дейін. Жақында кимешек тігуді үйреніп алды, олар да сұранысқа ие. Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында қарапайым кәсіп өз жемісін бере бастады. Отағасы Талғат Бірімқұлов жұбайының шығармашылығын жоғары бағалайды және оған барлық жағынан қолдау көрсетеді.

-Анам мен апам нағыз шебер болған, әдемі де заманауи дүниелер жасау менің қанымда бар деп айта аламын. Әжемнің өз қолымен жіп иіріп, жас аруларға қыз жасауын дайындағаны есімде, — дейді Гүлнұр.

Тараз қаласының тумасы сол қалада тігінші-дизайнер, сәнгер мамандығын алып, тігіншілік шеберлігін шыңдады. Тараз, Алматы қалаларында жұмыс істеген. Тағдырдың жазуымен Қарасай батыр ауылына келін боп түсті. Бүгінде оның туындыларынан корсеттер, оюлы, құрақ көрпелер, қоржындар, ойыншықтар, тақиялар, корзиналар, кимешектерді кездестіруге болады.

2022 жылы Г.Жұмабекова өз ісін дамытуға мемлекеттік грант бөлінетіні жайлы естиді. Мемлекеттің қолдауын пайдаланып үлгерген таныстарынан сұрастырып, бизнес-жоспар дайындап, барлық қажетті құжаттарды жинап, өтініш береді.

-Жаңа жыл қарсаңында болатын, — дейді кейіпкеріміз. – Онша бір сене қоймадым, сонда да тәуекел деп құжат өткіздім. Бір жолғы қайратымсыз грантты ала алмайтын шығармын деген оймен үйге қайтпақшы едім, жұмыспен қамту орталығының қызметкері келіп, менің өтінішім қолдау тапқанын айтып, қатты қуандым.

Бұған дейін оның шағын тұрмыстық тігін машинасы болған. Мемлекеттен алған қаржыға жаңа әрі қуатты тігін жабдықтары мен кәсіби үтік сатып алған.

Қолөнер көмектеседі әрі жан тыныштығын сыйлайды, деп есептейді кейіпкеріміз. Сондықтан да ол әрбір бос сәтте түрлі идеяларды өмірге әкелуге тырысады. Бүгінде ол таңғажайып дүниелер жасайды. Қолөнерші өз жұмысын әлеуметтік желі арқылы жариялайды. Тапсырыс тек ауылдастарынан ғана емес, көршілес аймақтардан да түседі.

-Қазақстанның қолөнершілерінің WhatsApp желісінде өз тобымыз бар. Біз жаңа туындылармен бөлісеміз, қазір клиенттерді не қызықтыратыны туралы кеңесеміз, — дейді Гүлнұр. — Бұл өте ыңғайлы. Өзің үшін жаңа нәрсені табуға болады.

Дарынды шебердің жұмыстары кез-келген адамды таң қалдырады. Оның бірегей бұйымдары мәдениетіміз бен дәстүріміздің байлығын көрсетеді. Әрбір туынды жай ғана зат емес, әрбір детальға енген шынайы шедевр десе болады. Гүлнұр Амантайқызы шығармаларының өрнектерін өзі ойлап табады.

Гүлнұр үйде отырып жұмыс істейді, үйінің алдындағы бос ғимаратты шағын шеберханаға айналдырған. Оның бес баласы бар: екі қыз және үш ұл. Барлық ауыл тұрғындары сияқты күйеуі екеуі бақшасында жұмыс істейді, көкөніс өсіреді және мал ұстайды. Көп балалы ананың үй шаруасы аз емес, бірақ ол сүйікті ісін тастамайды. Ол әртүрлі заттарды жасауға тырысады, қиялы мен шығармашылығын кеңінен қолдануға тырысады. Сондай-ақ тапсырыс бойынша да жұмыс істейді.

Гүлнұрдың өзі атап өткендей, оны көрмелерге шақырып тұрады екен. Жақында осындай шаралардың бірінде дайын өнімді көптеп сатуға қол жеткізді.

«Әдетте ойыншықтар тез сатылып кетеді, жұмсақ, жеке-дара жасалған және бірін бірі қайталамайды. Басқа ауылдардан келіп, қыз жасауына тапсырыс беріп жатады. Жақында біздің жергілікті әжелер кимешекке тапсырыс берді, менің жұмысым оларға қатты ұнады», — дейді Гүлнұр. Сондықтан оның өнімдері арнайы жарнамалауды қажет етпейді. Қанағаттанған тұтынушылар бір-біріне айтып, тапсырыс берушілер саны артып келеді. Ұлттық киімдер тұтынушылар арасында ерекше сұранысқа ие. Кейде адамдар бүтін жиынтыққа тапсырыс береді: көйлек, желет және тақия. Киізбен де жұмыс істейді, ою-өрнектерді өзі қиып, кестелейді.

Қолөнер — бұл өз шығармашылықты көрсетуге, рухани демалуға және өз қолыңмен бірегей бұйымдар жасауға мүмкіндік беретін қызықты хобби. Дегенмен, көптеген дарынды адамдар үшін қолөнер табыс көзіне айналып келеді. Гүлнұрға көптеген жетістіктер, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.