КІТАПХАНА ЖҰМЫСЫ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ

0

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпарат алаңында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мадина Жүнісқұлованың қатысуымен, ағымдағы жылдың 5 айында атқарылған жұмыстары турасында баспасөз конференциясы өтті.

Спикердің айтуынша, бүгінгі күні аудан бойынша барлығы 37 кітапхана жұмыс істеуде. Аудандық орталық кітапхана мен балалар кітапханасы, 35 ауылдық филиалдар. Барлық кітапханалар ыңғайластырылған ғимараттарда орналастырылған. Кітап қорының жалпы саны бүгінгі күнге 353 375 дана әдебиеттерді құрайды, оның ішінде мемлекеттік тілде 207 581 дана. Аудандағы 37 кітапхананың барлығы компьютермен қамтылған екен. Сонымен қатар, жыл басынан бері кітапхананың жұмысын жандандырып, кітапханаға оқырмандарды тарту мақсатында, цифрландырылған ақпараттық орталығының қызметін таныстыру мақсатында аудан және ауыл көшелерінде жарнамалық парақшалар таратылыпты. Сондай-ақ, жыл басынан бері түрлі жобалар мен акциялар аясында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылған. Мәселен, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы, «Ел болып оқимыз» облыстық жобасы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы Б.Момышұлының 115 жылдығына орай, «Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, Сансызбай Сарғасқаевтың 100 жылдығына орай, Қадыр Мырза Әлидің 90 жасқа толуына орай, Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толуына орай, Қазақтың халық жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл, ақын, ойшыл, мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұнның туғанына 1005 жыл, Қазақстанның халық жазушысы Сәбит Мұқановтың туғанына 125 жыл, Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл толуына орай, «Бір ел –бір кітап» республикалық акциясы аясында Т.Әлімқұлов шығармалары мен Ж.Нәжімеденов поэзияларына арналған «Жазушымен бір күн» жобасы аясында атаулы күндерге, мемлекеттік мерекелерге орай басқа да бағыттарда әртүрлі форматта әдеби – танымдық, ақпараттық –сағаттық және т.б көптеген іс-шаралар өткізілген екен.

Брифинг барысында Мадина Даниярқызы кітапхана жүйесі ұйымдастырған шараларға да тоқталып өтті.

Атап айтқанда, 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы аясында Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов саябағында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты кең ауқымды кітап көрмесін ұйымдастырған. Көрмеде «Жергілікті ақын-жазушылар мұрасы – болашақ ұрпақ қазынасы», «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат», «Балалар әлемі», «Жаңа кітаптар» секілді тақырыптық бөлімдер ұсынылыпты. Сондай-ақ, ұлттық кітап күніне орай Қордай аудандық орталық «Жасыл» саябақта кең көлемді кітап көрмесі өткізілген. Шарада «Жергілікті ақын-жазушылар мұрасы болашақ ұрпақ қазынасы», «Бабалар мұрасы-ұрпаққа ұлағат», «Әлемдік классикалық шығармалар», «Балалар әлемі» және кітапхана қорына түскен жаңа кітап көрмелері ұсынылды.

Аудандық орталық кітапханасының кітапханашылары аудандағы колледж білімгерлерімен, мектеп оқушыларымен, балабақшаларымен, аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығымен, аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұстану орталықтарымен байланыс орнатып, кітапхана қабырғасынан тыс аталған мекемелерде де әртүрлі форматта бірлескен әдеби-танымдық іс-шаралар өткізіп тұрады.

Кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес, ол – руханияттың ордасы. Осы бағытта қажырлы еңбек етіп жүрген кітапханашылар – оқырман мен кітаптың арасын жалғайтын шынайы жанашырлар. Брифинг барысында айтылған тың жаңалықтар мен жоспарлар кітапхананың заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетті. Ал кітап пен оқырманның арасындағы алтын көпір болып жүрген мамандардың еңбегі — құрмет пен алғысқа лайық.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.