41 «АЛТЫН БЕЛГІ»

0

«Тарыдай болып келіп, таудай болып» үлкен өмірге аттанып бара жатқан мектеп түлектері үшін ең бір қимас сәттердің бірі — ол салтанатты түрде аттестаттарын қолдарына алу.

Осыдан 11 жыл бұрын тұлымы желбіреп, кішкентай жүректері лүпіл қағып мектеп табалдырығын имене аттаған ұл-қыздар бүгінде ойы толысып, білім нәрімен сусындап жаңа өмірге нық қадам басуға дайын.

19 маусым күні Қордай ауданындағы орта мектептер биыл 1608 түлекті өз ұяларынан ұшырды. Ұстаздармен қатар ана-аналар да салтанатты шарада белсенділік танытып, тамаша көңіл-күйде болды.

-Алдымыздағы жас түлектеріміздің әрқайсысы алтын ұя мектептерінде оқып, ұстаздар тарапынан сапалы білім, саналы тәрбие алып, «Өмір» атты үлкен теңізге аяқ басқалы тұр. Әрине, алда талай кедір-бұдырлары болатыны сөзсіз. Мектеп қабырғасында алған білімдері бұл жолда сенімді серік болады деп білеміз. Түлектер таңдаған мамандықтары арқылы осы дүниенің бір кірпіші болып қаланатынына сенімдіміз, — дейді ұстаздар қауымы.

Айта кетер болсақ, биыл 2024-2025 оқу жылында №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейіне республика бойынша «Ең үздік ауыл мектебі» атағы берілсе, №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы Қазақстанның ең үздік 100 мектебі тізіміне енгізілген.

2024-2025 оқу жылында 9 сыныпты — 3016 оқушы, 11 сыныпты 1608 түлек аяқтағанын жоғарыда айтып өттік, солардың ішінде 41-і «Алтын белгіге», 45-і «Үздік аттестатқа» қол жеткізген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.