«ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС» КӨПШІЛІК ҚОЛДАУЫНА ИЕ БОЛДЫ

0

17 маусым күні Қордай ауылында Жамбыл облысы прокурорының «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында халықпен көшпелі кездесуі өтті. Аталған шараға 200-ден астам адам қатысты. Жиында аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудан прокуроры Бірлік Избасаров, сондай-ақ облыстық және жергілікті мемлекеттік органдардың, полиция, әділет және мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері қатысып, азаматтармен жеке қабылдау өткізді.

Кездесу аясында 20 адамның мәселесі оң шешімін тапты. Тағы 95-тен астам тұрғынға заңгерлік кеңес пен құқықтық көмек көрсетілді.

Шара барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінді. Облыс прокурорының тапсырмасымен полиция департаменті мен жолаушылар тасымалын бақылау басқармасына «Автосканнер» жүйесіндегі қателіктерді жою тапсырылды. Бұл олқылық салдарынан үш тасымалдаушы негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.

Сондай-ақ бірнеше ай бойы кепіл құжаттарын қайтара алмай жүрген 102 мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің мәселесі шешілді.

Кездесу шеңберінде «Атамекен» ҰКП мен «Даму» қорының қолдауымен шағын және орта бизнесті субсидияланатын несиелеу бағдарламаларына қолжетімділік бойынша семинар өтті. Нәтижесінде, сол күні-ақ 6 өтінім қабылданып, қарауға жіберілді.

Ашық диалог алаңы мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара сенім мен тиімді серіктестіктің үлгісіне айналды. Мұндай форматтағы кездесулер алдағы уақытта да облыс көлемінде жалғасып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.