23 маусымда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, бірнеше күрделі мәселе талқыға түсті. Қазіргі таңда аса өзекті болып отырған сұрақтарды мамандармен бірге қарастырған кеңес отырысына Нұржан Молдабеков төрағалық етіп, жиналғандарды күн тәртібімен таныстырып өтті.
Бірінші мәселе – қазіргі таңда аудан шаруалары үшін ерекше маңызға ие аудандағы су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы ұйымдарын сумен қамтамасыз ету жайы болды. Тақырып аясында зерделеу жұмыстарын жүргізген Қоғамдық кеңестің «Аграрлық саясат, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі» комиссия мүшесі Еркін Әбілдаев баяндама жасады.
«17-18 маусым күндері комиссия мүшелері РМК «Қазсушар» ЖФ «Қордай» өндірістік бөлімшесінде зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Қазір өндірістік бөлімшесінің теңгерімінде «Қарақоңыз», «Қақпатас» атты екі су қоймасы, жалпы 88 гидротехникалық құрылғы бар. Жалпы ұзындығы 480 шақырым су жүйелерінің 308 шақырымы – жер арық, ал 172 шақырымы – бетонмен қапталған.
Аталған мәліметтерді ескере отырып, зерделеуді кешенді түрде Қордай ауданының ауыл шаруашылығы бөлімімен, қажет болған жағдайда статистика басқармасымен бірлесе жүргізу ұсынылды. 2025 жылғы ауыл шаруашылық маусымында суармалы егістіктен мол өнім алу үшін суды тиімді пайдалану мақсатында келісімшарт талаптарын қатаң сақтап, ауылдық округтер әкімдіктерін жұмылдыру қажет. Сонымен қатар, суды келісімшартқа отырғандар да, отырмағандар да тең пайдаланбай, ішкі қаржы резервтерін тиімді пайдалану жолдарын қарастырған жөн.
«Шөміш» су торабынан бастау алатын «Оң» тармақ каналының ұзындығы 40,5 шақырым. Бұл каналдың су өткізу қабілеті орташа деңгейде. Оның үстіне канал жер арық түрінде, ауыл ортасынан өтетіндіктен, су ысырабы жоғары», – деді баяндамашы.
Сонымен қатар, «Қазсушар» мен аудан шаруалары арасындағы келісімшарт мәселелері және басқа да өзекті жағдайларға қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтылды.
Өз кезегінде РМК «Қазсушар» ЖФ «Қордай» өндірістік бөлімшесінің басшысы Мақсұт Ершібұлов қазіргі таңда Қырғыз Республикасынан келетін су көлемі келісімге сай емес екенін атап өтті. Осыған байланысты Қоғамдық кеңес мүшелерінен екі ел арасында қыркүйек айында берілуі тиіс суды алдын ала жеткізуге қатысты келіссөздер жүргізуге ықпал етуді сұрады. Себебі, шалғай ауылдарда су тапшылығы сезіле бастаған. Қазір – суармалы кезеңнің ең белсенді шағы, сондықтан жедел шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ, жақын күндері Қайнар ауылы жанында орнатылып жатқан қуатты су сорғыш қондырғылар іске қосылатынын, бұл да бірқатар шаруаларға көмек болатынын жеткізді.
Кеңес мүшелері өз кезегінде кейбір шаруалар өз жерінен құдық бұрғылап, ауыз суды пайдаланып жатқанын сынға алды. Бұл құдықтардан алынатын су негізінен ауыз су болғандықтан, мұндай жағдай жалғаса берсе, жақын болашақта аудан бойынша ауыз су тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл мәселе терең зерделеуді қажет етеді.
Жалпы, бірінші мәселе бойынша кеңес мүшелері бөлімше басшысына бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтты.
Кеңестегі екінші мәселе – балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды зерделеу қорытындысы. Бұл бойынша «Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссия» мүшесі Мадина Аманбаева баяндама жасады.
«Қоғамдық кеңес мүшелері Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты Қордай аудандық білім бөлімінің «Балауса» балаларды сауықтыру лагеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді. Балаларды лагерге қабылдау ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін құжаттар мен мәліметтерге жүргізілген талдау барысында заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Сонымен бірге, лагердің штаттық құрылымы мен еңбек қатынастары ҚР Еңбек кодексінің 34-бабына сәйкес қалыптасқан.
Алайда бірқатар кемшіліктер де назарға алынды. Атап айтқанда, жатын бөлмелердегі матрастардың ауыстыру, жазғы бассейнді құтқару құралдарымен толық қамтамасыз ету, әкімшілік ғимарат, жатын бөлмелер, монша және басқа да нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені айтылды.
Отырыс барысында қаралған үшінші мәселе – Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің 2025 жылға арналған, сондай-ақ 2024 жылдың өтпелі құрылыстарының жүзеге асырылу барысы мен сапасы, көрсетілген мемлекеттік қызметтердің мерзімдері және түскен арыз-шағымдар жайы болды. Бұл бойынша Бюджет, қаржы және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Айнұр Алматаева баяндама жасады.
Қазіргі таңда аудан бойынша бірқатар ауылдық округте құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде. Зерделеу қорытындысы көрсеткендей, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, бөлім тарапынан кеткен кемшіліктер де бар. Оларды жою бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеев өз кезегінде құрылыс саласындағы жұмыстарға, қаржы игеру, мердігерлермен жұмыс жүргізу және бұрынғы аяқталмаған «сақалды құрылыстарды» қайта жандандыру мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, салада маман тапшылығы бар екенін, бұл мәселе бүгінде өте өзекті екенін атап өтті.
Жиын соңында Қоғамдық кеңестің 2025 жылдың ІІ жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітіліп, шешім жобасы көпшілік талқысына ұсынылып, қабылданды.
Жандос ОМАРОВ