ТАУ ҮСТІНДЕГІ ТӘТТІ БИЗНЕС

0

Кордай ауданына қарасты, теңіз деңгейінен шамамен 1300 метр биіктікте орналасқан көрікті Сұлутөр ауылында, табиғатпен үйлесім тапқан, еңбексүйгіштік пен отбасылық дәстүрге негізделген ерекше кәсіп дамып келеді. «Таулы Швейцария» аталып кеткен бұл өлке тұнық бұлақтарымен, көз жеткісіз гүлді алқаптарымен және шипалы таулы ауасымен ерекшеленеді. Осындай табиғи байлықтың аясында Довгань отбасының балдай тәтті кәсібі – омарта шаруашылығы қалыптасқан.

Николай Довгань – бұл кәсіпті атасынан жалғастырып келе жатқан шебер омарташы. Ол үшін ара ұясы – жай ғана табыс көзі емес, бұл – өмірлік философия. Көп жыл бұрын әкесі оған бірнеше ара ұясын ғана емес, сонымен қатар бұл көне кәсіпке деген құрмет, сабырлық пен білім сияқты маңызды құндылықтарды аманат еткен. Бүгінде Николай Петрович бұл құнды мұраны өзінен кейінгі ұрпағына – сегіз ұлына үйретіп келеді. Осылайша болашақ буынның негізін берік қалап отыр.

Кәсіпкер алғашқы кезде бірнеше ғана ұямен жұмысын бастап, бүгінде олардың санын 400-ден асырып отыр. Жыл сайын мамыр айының басында меркендік омарташы Сұлутөр ауылына қоныс аударады. Мұнда оны жергілікті халық құрметпен қарсы алады. Ол тек омарта емес, бүкіл отбасын бірге ала келеді. Довгань әулетінің басты ұстанымы – барлық істі бірігіп атқару. Олар бірге араға күтім жасайды, қысқа дайындық жүргізеді, көшіп-қонуға әзірленеді және табиғатпен етене өмір сүреді. Олардың тұрағы – омарта жанында, табиғаттың құшағында.

Николай Петровичтің айтуынша, омарташылық – бұл жыл он екі ай үздіксіз еңбекті талап ететін кәсіп. Жұмыс шөп шықпай тұрып-ақ басталып, қыста да тоқтамайды. Аралар ауа райының құбылуына өте сезімтал келеді. Дұрыс күтім мен қоректендірусіз және қысқы жылытусыз олар қыстан аман өте алмауы мүмкін. Сол себепті бұл сала – аса үлкен жауапкершілік пен кәсібіне деген сүйіспеншілікті қажет етеді.

Довгань отбасы қоршаған ортаға ерекше мән береді. Олардың пайымынша, аралар тек бал ғана емес, табиғи тепе-теңдіктің сақталуына зор үлес қосады: өсімдіктерді тозаңдандырады, өнімділікті арттырады және биологиялық әртүрлілікті қолдайды. Таулы аймақтың ерекше климаты мен алуан түрлі шөптері бұл балға ерекше хош иіс пен дәм береді. Сондықтан бұл өнімді тек жергілікті тұрғындар ғана емес, өзге өңірлердің балсүйер қауымы да жоғары бағалайды.

Бүгінде Николай Петровичтің өнімдері Жамбыл облысынан тыс жерлерге де кеңінен танылған. Әлеуметтік желілердегі белсенділігі, тұтынушылардың оң пікірлері және өнімнің жоғары сапасы арқасында оның тұрақты клиенттері Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден де табылып отыр. Жергілікті тұрғындар балды тікелей айдау сәтінен бастап-ақ тұтынып, оның табиғилығы мен балғындығына тәнті болады. Ал шалғайдағылар бұл отбасылық өнімді ерекше сеніммен тапсырыспен алдырады.

Дегенмен, Николай Петрович үшін бастысы – табыстан бұрын, дәстүрді сақтау. Ол қазіргі кезде омартаның бір бөлігін ұлдарына табыстап, оларға дербес шешім қабылдау еркіндігін беріп отыр. Алайда өзі әрдайым жандарынан табылып, тәжірибелі кеңесші, сенімді тірек әрі білім көзі бола білуде. Ол араларына үлкен құрметпен қарайды, арнайы бетпердесіз-ақ ұялардың жай-күйін тексере алады, ара тілі мен омарта жұмысының барлық қыр-сырын бес саусағындай біледі.

Довгань әулетінің тарихы – бұл жай ғана бал өндіру емес. Бұл – адал еңбекке, отбасы құндылықтарына, табиғатпен етене болуға арналған оқиға. Бұл үлгі боларлық кәсіп – ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігінің тек табысты ғана емес, өңір дамуына шынайы үлес қоса алатынын дәлелдейді.

Қазіргі таңда кәсіпкер мемлекет тарапынан қолдау алуға үміттеніп отыр. Ол барлық қажетті құжаттарды жинап, енді субсидия берілуін күтуде. Егер қолдау көрсетілсе, отбасылық кәсіпті кеңейтуге мүмкіндік туады.

Жаһандық өзгерістер дәуірінде дәл осындай шағын отбасылық шаруашылықтар – жергілікті экономиканың тірегі, орнықты даму мен табиғатты аялаудың жарқын үлгісі бола алады. Сұлутөрдегі таулы омарта – бұл жай ғана бал өндіретін орын емес, бұл – ұрпақтар арасындағы алтын көпір, отансүйгіштік пен берік болашақтың іргетасы.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.