ЕҢ ҮЛКЕН ИНВЕСТИЦИЯ — БАЛАНЫҢ ДАМУЫНА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

0

Бала – елдің болашағы. Ал сол болашақтың жарқын болуы оның алғашқы қадамынан басталады. Осыны терең түсінген медицина саласы тағы бір маңызды қадам жасады: Қордай аудандық орталық ауруханасының базасында ерте жастағы балаларға арналған Даму және ерте араласу орталығы есігін айқара ашты.

Бұл маңызды бастама Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы 15 наурыздағы бұйрығы мен 2025 жылғы 21 ақпандағы №11 бұйрыққа қосымшаға сәйкес, Үздік тәжірибелер орталығының қолдауымен жүзеге асты.

Аталмыш орталық – тек медициналық мекеме емес, бұл-ерте жасынан-ақ ерекше қолдауға мұқтаж балалар мен олардың отбасылары үшін үміттің, сенімнің, жылы қамқорлықтың нышаны.

Орталықтың басты бағыттары төмендегідей:

Баланың даму деңгейін терең әрі жан-жақты бағалайтын медико-педагогикалық диагностика;

Әр баланың ерекшелігіне сай дараланған түзету және дамыту бағдарламаларын әзірлеу;

Ата-аналарға кәсіби кеңес беріп қана қоймай, оларды осы күрделі үдерістің белсенді серіктесіне айналдыру;

Психологтар мен педагогтердің бірлескен қолдауы арқылы отбасылық ахуалды жақсарту;

Баланы инклюзивті білім беру жүйесіне жұмсақ әрі дайын бейімдеу.

Мұндай кешенді көмектен күтілетін нәтижелер де айқын:

Дамуында кідірісі бар балаларды ерте анықтау арқылы алдын алу шараларын күшейту;

Ауыр әрі қайтымсыз патологиялардың өршуін болдырмау;

Балалардың мектепке даярлығын арттыру;

Ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік оқшауланудан арылту.

Салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, Қордай аудандық орталық ауруханасының басшылығы, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті үйлестіруші мамандар, бала денсаулығына жауапты сала мамандары және аудан әкімдігінің өкілдері қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.