Аптап ыстық басталысымен адам ағзасына түсетін жүктеме айтарлықтай артады, әсіресе қауіп тобына жататын адамдар үшін. Соңғы күндері жедел медициналық көмек қызметіне шақыртулар күрт көбейіп, мамандардың алаңдаушылығын тудыруда және әр адамның өз денсаулығына ерекше көңіл бөлуін талап етеді.
Аномальды ыстыққа байланысты Жамбыл облыстық жедел медициналық көмек станциясының деректеріне сәйкес, соңғы күндері жедел жәрдем шақырулар саны 20–30%-ға артып, тәулігіне 1700–1800-ге дейін жеткен. Көп жағдайда тұрғындар созылмалы аурулардың асқынуы, күн өту, сусыздану, қан қысымының көтерілуі, әлсіздік пен бас айналу шағымымен жүгінуде.
Мұндай ауа райында әсіресе қарттар, балалар, жүкті әйелдер және жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесі аурулары бар адамдар ерекше қауіпке ұшырайды. Дәрігерлер сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күн астында болмауға кеңес береді. Сонымен қатар, жеңіл әрі ашық түсті киім киіп, көбірек су ішіп, ауыр тағамдар мен алкогольден бас тарту ұсынылады. Егер күн өту белгілері – бас айналу, жүрек айну немесе әлсіздік байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
Есіңізде болсын: ыстықта өз денсаулығыңызға қамқор болу – жақсы көңіл күй мен қауіпсіздіктің кепілі. Қарапайым кеңестерді сақтап, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз.
Қордай аудандық орталық ауруханасы