Елімізде отбасы ұғымын дәріптейтін, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында түрлі игі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі – республикамызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының өткізілуі. Аталмыш байқау арқылы халқымыздың талай өнегелі де мерейлі отбасылары марапатталып, мәртебе биігінен көрініп келеді.
«Мерейлі отбасы» халқымыздың ең өнегелі отбасыларына құрмет көрсетуді мақсат еткен ұлттық жоба. Аталмыш байқау, тек жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, отбасы құндылықтарының қоғамдағы рөлін күшейтуге, жастар арасындағы жауапкершілікті арттыруға, отбасы мен баланы қорғау мәселелеріне назар аударуға мүмкіндік беріп келеді.
17 шілде күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының аудандық кезеңде жеңімпаз атанған отбасылар ерекше құрметпен марапатталды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, сондай-ақ, әділ-қазылар алқасының мүшелері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай өз лебізінде, бұл отбасылардың жетістіктері тұтас қоғамымыздың алға жылжуына үлес қосқанын атап өтті. Байқауға еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері жоғары отбасылар іріктеп алынды.
Жобаның мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды көрсету және кеңінен насихаттау, қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.
Жарыс қорытындысы бойынша, жүлделі бірінші орынды – Саламатовтар отбасы (Қордай ауылы) жеңіп алды. Екінші орынды – Сәкеновтер отбасы (Қордай ауылы) иеленсе, жүлделі үшінші орынды – Жұбайбековтер отбасы (Беріктас ауылы) қанжығасына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар және алғыс хаттар табыс етілді.