Қордай ауданында кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тыңдап, олардың шешілу жолдарын қарастыруға бағытталған қоғамдық қабылдау өтті.
Қордай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратында ұйымдастырылған қабылдауға Жамбыл облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Тулеген Сарсембаев қатысып, ауданның бірқатар жеке кәсіпкерлерімен жүздесті. Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, салық салу, мемлекеттік кірістер органдарымен өзара байланыс, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру барысында туындайтын түрлі сұрақтар бойынша өтініш-тілектерін жеткізді. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, көтерілген мәселелердің мән-жайы жан-жақты қарастырылды. Қоғамдық қабылдау кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдері арасында ашық пікір алмасуға, өзекті түйткілдерді тікелей талқылауға мүмкіндік берді. Департамент басшысы Тулеген Сарсембаев кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныстар мен өтініштердің маңыздылығына тоқталып, олардың назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Сонымен қатар, көтерілген мәселелерді заңнама талаптарына сәйкес зерделеп, оңтайлы шешу жолдарын қарастыру қажеттігін айтты. Осы мақсатта тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар беріп, әрбір өтініш бойынша жауапты жұмыстар жүргізуді міндеттеді. Қабылдау барысында кәсіпкерлердің сұрақтарына қолданыстағы заңнама аясында түсініктемелер беріліп, кейбір мәселелер бойынша қосымша зерделеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Департамент басшысы өтініштердің орындалу барысы бақылауда болатынын жеткізіп, олардың шешімін табуы үшін тиісті жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.