2025 жылғы 19 шілдеден бастап Қазақстанда спорттық ортадағы этикалық қағидаларға бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер Туризм және спорт министрлігінің жаңа бұйрығымен бекітілген жаңартылған Спорттық этика кодексі аясында жүзеге асып отыр.
Негізгі өзгерістердің бірі – спортшыларға, бапкерлерге, спорт төрешілеріне және спорт саласындағы басқа да мамандарға өз діни көзқарастарын ашық түрде көрсетуге тыйым салу. Сонымен қатар, өзгелерді қандай да бір діни бірлестіктің жұмысына қатысуға немесе миссионерлік қызмет артуға жол берілмейді.
Министрлік бұл шектеулер жеке сенім бостандығына қол сұғу емес, керісінше, спорттық ортаның бейтараптығы мен барлық қатысушылардың тең құқығын сақтау мақсатында енгізілгенін атап өтті. Спорттық шаралар кезінде, марапаттау рәсімдерінде немесе БАҚ өкілдерімен байланыста діни рәміздер, дұға, не діни мазмұндағы әрекеттер жасау енді ережеге сай келмейді. Сонымен қатар, жаңа этикалық нормаларда спортшылардың Қазақстан Республикасының және өзге мемлекеттердің мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауы, әдептілік, спорттық әділ ойын қағидаларын ұстануы міндеттелген.
Серік Жарасбаев, Туризм және спорт вице-министрі, бұл ережелердің Конституциямен кепілдендірілген ар-ождан бостандығына қайшы келмейтінін, ал Олимпиада хартиясы мен халықаралық тәжірибеге сәйкес келетінін мәлімдеді.
Бұл шешім қоғамда қызу пікірталас туғызуы мүмкін. Жаңа қабылданған өзгерістер Қазақстандағы спорт саласын діннен, жеке наным-сенімдерден бейтарап ұстауға бағытталған. Бұл – көп конфессиялы қоғамдағы теңдікті сақтау, жас буынға үлгі көрсету және спорттық ортада тек кәсіби қағидаларға сүйенуді қамтамасыз ету мақсатынан туындаған шешім. Діни сенім – әр азаматтың жеке құқығы. Ал спорт – тәртіп пен ортақ ережеге негізделген орта. Сондықтан заңнамалық деңгейде енгізілген бұл өзгерістер азаматтардың дінге деген құқығын шектемейді, тек оны қоғамдық және кәсіби кеңістікте реттеуді көздейді. Мемлекет тарапынан қабылданған бұл шара спорттық әдебін нығайтуға, бейтарап орта қалыптастыруға және халықаралық талаптарға сай келуге бағытталған. Ендігі кезекте, заң талабын сақтау – әрбір спортшы мен жаттықтырушының ортақ жауапкершілігі.
Батырбек АТАМКУЛОВ, Жамбыл облысы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы