Елімізде ауыл шаруашылығы саласына қатысты маңызды науқан – ауыл шаруашылығы санағы 1 тамыздан басталады. Бұл санақтың басты мақсаты – еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының нақты жағдайын анықтап, даму бағыттарын айқындау. Осы ретте әрбір азаматтың белсенді қатысуы – ортақ табыс пен ауыл экономикасының өркендеуінің кепілі.
Санақ екі кезеңде жүргізіледі:
🔹 1–31 тамыз аралығы – онлайн кезең.
Барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері sanaq.gov.kz ресми сайтына кіріп, онлайн сауалнамадан өз бетінше өте алады. Бұл тәсіл – жылдам, ыңғайлы әрі қауіпсіз. Уақытыңызды үнемдеп, санақ жұмыстарына қашықтан қатыса аласыз.
🔹 20 қыркүйек – 20 қазан аралығы – офлайн кезең.
Бұл кезеңде онлайн сауалнамаға қатыспаған үй шаруашылықтарына арнайы дайындалған интервьюерлер барады. Олар планшет құрылғысын пайдалана отырып, сауалнаманы толтырады. Аудан бойынша 54 интервьюер округтерде орналасып, үй шаруашылықтарын тіркеу жұмыстарын жүргізеді.
Қордай ауданы бойынша 26093 үй шаруашылығы мен 3482 ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген. Оның ішінде 104-і ауыл шаруашылығы кәсіпорны болса, 3378-сы – дара кәсіпкерлер мен фермер қожалықтарынан тұрады.
Аталған жұмысқа ауданымызда барлығы 12 инструктор қажет, олар округтер бойынша төмендегіше бөлінеді:
•Қордай – 4
•Сарыбұлақ – 1
•Бетқайнар – 1
•Степной – 1
•Отар – 1
•Қарасу – 1
•Масаншы – 1
•Сортөбе – 1
•Қаракемер – 1
Сондай-ақ, 54 көше аралаушы интервьюер 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында бір айға қабылданады. Әр интервьюерге 540 үй шаруашылығын аралау тапсырмасы жүктеледі.
Бұл санақтың нәтижесі еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жоспарлау үшін маңызды. Сондықтан барша ауыл тұрғындарын белсенділік танытып, санақ жұмыстарына атсалысуға шақырамыз!
Ауыл шаруашылығы – ел байлығы. Санаққа қатыс – ел дамуына үлес қос!