Парасатты, ізгі тәрбие және тәрбиенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы демек – жас кезінен анаша, есірткі, сыра, арақ, темекі, зинақорлық секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы. Әдепті болу, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші.
Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті. Бұл тұрғыдағы үлкен идеалымыз – Пайғамбарымыз (с.а.с.). Ол бірде балаларын еміреніп сүймейтінін айтқан бәдәуиге: «Алла Тағала жүрегіңдегі мейіріміңді алып қойған болса, мен не істейін енді?» – деп реніш білдірген. Себебі мейірімділікпен өскен бала да мейірімді болады. Мейірімділік жүректі жібітіп, жұмсақтығын жоғалтпауын қамтамасыз етсе, қатыгездік пен салқындық, керісінше, жүректі қатайтады. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Кімнің қыз баласы болып, оған жақсы тәрбие берсе, жетерліктей ішіп-жегізсе, Алла Тағаланың берген нығметінен молынан берсе, ол қыз оған береке кіргізеді әрі тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруге себепкер болады». (Табарани риуаяты).
Қазіргі заманда кейбір ата-аналар баласының жағымсыз қылықтары мен жүріс-тұрыстары туралы шағымданып психологтардан ақыл-кеңес сұрап жатады. Алайда көп жағдайда сондай келеңсіздіктердің себебі өздерінде екенін түсінбейді. Өйткені олардың өздері де сондай түрлі қателіктерге ұрынып, жүйке жүйелері бұзылған жандар. Өздерінің сол қате-кемшіліктерін түсінбегендіктен де олар сәбилерінің неліктен сондай болып шыққанына кейін қайран қалады.
Ата-ана әрдайым ұрпағының болашағын, мүддесін қызғыштай қорғайды. Олардың балаларына берген баталары қабыл болады. Сондықтан ұрпаққа тек ұлағатты сөз айтқан жөн.
Расында, ата-ананың дұрыс үлгі бола алуы – игі ұрпақ тәрбиелеп шығарудың басты талабы. Сәбидің дамуындағы ең маңызды кезең оның өмірінің алғашқы онжылдығы болып саналады. Педагог-психологтардың айтуларынша баланың ақылдылық, интеллектуалдық қабілетінің 80 пайызы алғашқы жеті-сегіз жылда ашылып, жетіледі. Сондай-ақ, адамдық тұлғасының жан-жақты және үйлесімді қалыптасуы да осы кезеңде жүреді.
Жаңа туылған нәрестеге мейлінше сүйіспеншілікпен, мейірім-шапағатпен, ыстық ықыласпен қарау керек. Алғашқы кезеңде мұның барлығын оның анасы береді. Алайда мейірімнің өзі мөлшерімен берілуі тиіс. Шектен тыс өбектеу, еркелету нәрестенің өзімшіл болып өсуіне әкеліп соқтырады.
Өзін-өзі ұстай білу, сабырлылық сезімін қалыптастыру. Қалауын орындату талабы нәрестенің бойында алғашқы кезеңнің өзінде-ақ пайда болады. Бірақ оның ырқына көне беруге болмайды. Анасы оның еріксіз дәрет жіберіп қоюына, жылауына, қайта-қайта тамақ сұрауына шектеу қойып, ұстамдылық қалыптастыруы тиіс. Өсе келе оған әңгімелесу мен үлкендермен қарым-қатынаста ұстамды, әдепті болуға үйрету керек. Бала өзінің қалауының шектелуінің нақты, шынайы негізінен хабардар болуы қажет.
Бетқайнар ауылдық округі әкімі аппараты